Өлеңдер ✍️

  22.09.2022
  125


Автор: Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

ӘУРЕ

«Өмір. Өлім. Қос Дүние. Жалғыз ұғым. Бір Тәңір...»
Осылайша ойлай-ойлай, мен өзімді құртамын.
Үрей мені құдайына сүйрелейді. Көзсіздік.
Құдай мені үрейіне...
Тапқан екен ессізді!
Ақылымды қозғап жатқан үшінші бір Әлем бар!
Өз Ойымның Нұры арқылы сол Әлемге барам
да, Айт күндері шарап ішем. Өлөң жазам...
Біртіндеп...
Менің үнім – Музыканың сегізінші Кілтінде?..
Осы жайды Жаратқаннан сұрамаққа дұрыстап,
бір күдікті тоқтаттым мен қараңғылау бұрышта...
Келіп жеттік.
Қирап жатыр Хақ-Тағала Храмы!..
«Қайта құру» нәтижесі болса керек, сірә, бұл?
Дәл ортада сом алтыннан құйылулы Мүсін тұр.
Бұл көз алдау – пенделерге арналғанын түсіндім.
Құдай қайда?.. сайтан білсін...
Мүсіні тұр көсемнің.
Тұрса тұрсын,
Мен Тәңірді іздеп жүрген есермін.
Білем, өзім – құлшылыққа ымырасыз егеспін,
ал, көзімді сом алтыннан ала алатын емеспін!..
«Қой, бұл болмас, қозғалайын,
осы жерде көз қалсын!
Ақиқатқа аш көңілім, ертең тағы боздарсың!..
Алтыныңыз, мен түгілі, Періштеге ұнайды...»
Көз сайтанын тұншықтырып, іздеп кеттім Құдайды.
Іздей-іздей, көп есікті ашып-жаптым...
 
Қысқасы,
Жолдас Құдай жаңа ғана ішуде екен түскі асын.
Әй, құдай-ай, неге келдім ес білмейтін балаша:
түскі асының уақыты – миллиард жыл, санасам!..
Бұл өмірдің театры артист етіп алды мені.
Жыр жазуды тия тұрып, соғып жүрем
әңгімені.
Ел толқулы. Ойы – ерегес!.. Ожданы ше?
Ол да – масаң...
Ал, ынжықтар аяр емес, Ібіліс боп ойнамасаң!
Тимесе де елге себі, Мен, өзімді өсек еттім.
Шат күлкім ше?
Ол кешегі
гримдермен қоса кетті...
Иә, бүгін күйім – сарсаң. Сайрай алмас, жаңылмай
тіл... Ғашықтыққа тыйым салса, Құдайға да
бағынбайтын жанкештілер
сахнаның
сыртында тұр, жер тепкілеп! Көбі соның – Ақын
әрі көлгірсімес еркек, білем?!. Ес жинар ем, ендігі,
мен, еш бітпейді шатақ – ылаң. Ақылдының
қорлығы мен ақымақтың атағынан
көпшіліктің сесі – күрең:
«...кәне, қайда?.. кім оңбаған?..»
Суфлердің тесігінен
«Сүйем!» дейді біреу маған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу