Өлеңдер ✍️

  20.09.2022
  71


Автор: Ғұсман Жандыбаев

Аңқылдаған күндер жоқ...

Аңқылдаған күндер жоқ,
Ыстық-суық басылған.
Өп-өтiрiк күлген боп,
Өте шығам қасыңнан.
Салқын күзде –сары ала
Жапырақтар жаңбыры.
Құйшы, нөсер, сабала,
Тарқасыншы жан мұңы.
Алаң-ашық күндер жоқ,
Ыңқыл-сыңқыл көбейген.
Жұрт қатарлы жүрген боп,
Арпалысам көне оймен.
Ойлар – менiң тағдырым,
Тағдырыма мен бодан.
Орындаймын жарлығын,
Босанбаспын ендi одан.
Соққан желдей теңiзден,
Бiр салқын леп еседi.
Көк жапырақ жел үзген,
Жер қойнына көшедi.
Сол жапырақ секiлдi –
Менiң алақандарым.
Күнге бұршы бетiмдi,
Балғын балапандарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу