Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  73


Автор: Темірше Сарыбаев

ҚАЖЕТІ ҚАНША ҚАЙТАЛАП?..

Қажеті қанша қайталап маған басқаның
Тәңір сыйлаған ешкім де ала алмас бағын.
Жөн еді бірақ жүздесу мезгілі өткесін,
Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, хабарласқаның.
Айтпайтын әлде ауырлау жұмбақ па жайың,
Уақытың менен сен үшін қымбат па, айым?
Сендегі не сыр: бақыт па, сорың ба қалың?
Қайсысы болсын, қалдырмай, жырлап бағайын.
Қызық па саған дәл менің қапаланғаным,
Азабымды айтып тәптіштеп атаман бәрін.
Жүректің сонау түкпірін қан жоса қылып,
Қансырап қалған, қайтейін, жатады арманым.
Тумайтын болды толқытар өлең де менен,
Жұлдызды сәтті жарқырар көрем бе деп ем.
Қалықтап көкке қанатты қағатын кезде,
Ұша алмай шырқап,
Шалдығып, төменде келем.
Өлтірсең, өлтір, жанымды қинама, күнім,
Артық екен ғой ана бір сыйлы аға күнім.
Байқатпай жүріп, бір күні бұрқ еткізетін
Тығулы жатқан, білмедім, мина ма мұның?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу