Өлеңдер ✍️

  19.09.2022
  73


Автор: Темірше Сарыбаев

СЕН КӨШКЕНДЕ

(Мақшар Азизовке)
Жарысушы ек құла түзде
құлынындай құланның,
Қайырмасы секілді едік екеуміз де бір әннің.
Айрыларда еңіз-теңіз, ағыл-тегіл жыладым,
Шылбырынан сусып шығып
сытылдым да шыдамның.
Барды-жоқты елестірмей,
бүтін болып жүр едік,
Үй ішінен үй тіккендей тату едік, жылы едік.
Буып-түйіп жүктеріңді қамдадың да бір түнде,
Көшпек болдың Қап тауына,
қарт тауыңа үдеріп.
Көкіректің қоздап қазір сағыныштан жүр шері,
Туысымдай көрген екем, байқамаппын, бір сені.
Кетеріңде әжем жатты
қолтығыңа тыққыштап,
Саған арнап өзі көмген, тапқа піскен күлшені.
Деді әжем: – Айналайын,
көшің болсын көлікті!
Жөтел қысқан қос өкпесі
сыр-сыр етті, демікті.
Маңдайыңнан қайта-қайта
басын шайқап иіскеді,
Босағаны екеумізді қалайыдай ерітті.
Жүрегіңді қыздырды ма таба нанның ыстығы,
Қалай мұңмен мөлтілдеді
жанарыңның ұшқыны?!
Көңіліңді булады ма әлде мына кейпіміз,
Сен емес пе ең тау халқының қайсар ұлы,
күшті ұлы ?!
Жас тығылды кернеп келіп,
тас тығылды алқымға,
Кете бардың екі көзің, есіл дертің артыңда.
Неге, неге қалтырадым, жаурадым ба, дір еттім,
Мынау ескен самал емес,
сары аяздай салқын ба?!
Мейрім толы ғажап болды, ғажап болды қарасың,
Мөлдіреттің көл-дария көздің жаспен шарасын.
Боз інгеннің дауысындай сай сүйекті босатып,
Ет-бауырымды елжіретіп, уылжытып барасың.
Көштің досым,
Көшің шаңын шұбатты.
Қарап тұрдық сорғалатып омырауға бұлақты.
– Ноябрьде келем – дедің,
– келем – дедің айғайлап:
– Дайындап қой! – дедің және
– көкпарға бір атты!
Сол дауысыңа түн жаңғырып,
қуаныштан жыртылды,
Дала маған әсем болып
кетті сонда бір түрлі.
Сыйлаппын ғой кәрі атамның,
көріп жүр деп көзіндей,
Далаға тән дәстүрімді!
Далаға тән ғұрпымды!
Мен ұйқысыз өткерейін,
Оқасы жоқ, бұл түнді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу