Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  120


Автор: Гүлайша Ерахмет

Бұл күндер ауыр тиіп жүр-ау маған...

Бұл күндер ауыр тиіп жүр-ау маған,
Отырып өз-өзімнен қиялданам.
Сен жүрген анау көктің зеңгірімен,
Тырналар ұшып өтті тыраулаған.


Білмедім сен қандай ой ойлап жүрсің?
Жүрегім екеу ғой деп ойлаймысың?
Аппақ қар тара тауға қонып жатыр,
Тезірек сен де келіп қонбаймысың?!
Білесің бұл мұңымның себебі өзің,
Көктегі барлық құстан бөлек едің.
Сағыныш деп аталған өлкедемін,
Үміт деп аталатын төбедемін.
Жүрмісің əлі өкпелеп ерке құсым,
Сен маған кездескенсің өртеу үшін.
Мен күйікте жүрген соң жылаңқымын,
Сен биікте жүрген соң еңселісің.
Қанатың талмай тұрып қайтып орал,
Атаның ұлы едің ғой антыңа адал.
Сен деген алып құссың аспандағы,
Мен деген жаны нəзік жарты ғалам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу