Өлеңдер ✍️

  18.09.2022
  124


Автор: Нұрбек Нұржанұлы

Адамзатпен сырласу

Мынау тұрған жиырма бір замансың ба?
Бауырсың, жақсысың ба, жамансың ба?
Ел мен ел, жер мен жер боп бөлінетін,
Адам ата ұрпақтары амансың ба?
Иман жібек киіп, рухың жайланайық,
Аш қалдырып бауырыңды тойған айып.
Арулардың орамалы қайда кетті?
Адам ата ұрпақтары ойланайық.
Мен де құлмын, сен де құлсың,
сынақтамыз...
Күтер бізді көктем, әлде жырақта күз.
Өтіріктен көз ашпадық, дайынбыз ба?
Ақыретте қойылатын сұраққа біз?
Бірімізді біріміз кеп атпадық па?
Баламызды жетім қылып сатпадық па?
Біздер осы Адам әкенің үмітін,
Хауа ананың аппақ сүтін ақтадық па?
Өлеміз-ау біреуіміз Абыл болып,
Өлтіреміз біреуіміз Қабыл болып.
Жер жаһанда бейбітшілік орнаса-шы,
Мүміндердің тілектері қабыл болып.
Топырақтан жаралды ғой тәніміз де,
Ораламыз жасымыз да, кәріміз де.
Жер үстінде не жетпейді адамзат?
Жер астына сыямыз ғой бәріміз де.


Ренжіспейік, атыспайық, қағыспайық,
Қол созайық, құлап түссек оқыс тайып.
Сабыр сақтап жалғанда бұл бес күндік,
Адам ата ұрпақтары, соғыспайық.
Бірі қисық, бірі түзу жүр есейіп,
Хақ жолында рухты көтер, тұр, өсейік.
Бейбітшілік, шындық үшін, ар үшін,
Адам ата ұрпақтары күресейік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу