Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  114


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ДАЛА ƏНІ – ҚАЗАҚ ƏНІ

Даланың қоңыр самалы беттен
өпкенде,
Естілер айқын айтылған əндер өткенде.
Бір парша бұлтқа, ауаға, я, тасқа анау,
Аят қып жазып, дұға қып ойып кеткен бе?
Кетеді-ау, қиял, кетеді-ау, тіпті, арыға,
Күңірене өксіп шығады бір үн қарлыға.
Ақанның əлде, Құлагері өлген иенде,
Қан жапқан басын құшақтап айтқан зары ма?
Бақыт пен шаттық қашан да рас шекті еді-ау,
Түре қал құлақ өкінішті үнге текті анау.
Төлеген ерді айнала ұшқан топ қаздың,
Сұңқылы ғана, жоқтауы ғана жеткен-ау.
Мұңлы əнің дала бойыма қалай тарады,
Ішімді өртеп, жанымды елтіп барады.
Көз жасым менің бетіме емес мұндайда,
Жүрегіме, ойбай, жүрегіме тырс-тырс тамады.
Соғады боран табиғат неткен дүлей-ді,
Өзі ашқан сəнге қосады кенет үрейді.
Алдымда тағы ғашықтық дертке төзе алмай,
«Қорланын» айтып бейшара Естай жылайды.
Туасы мен де əніңмен ерке тете едім,
Ұзын бір сарын егіліп, өксіп жететін.
Сондайда асқақ нөсерлеп құйған жауып,
Жанымды, шіркін, сергітіп Əсет кететін.
Жүрмеші енді жүрмейін мен де дара қап,
Дүрлігіп кеткен, сілкініп кеткен бар алап.
Үкілі Ыбырай дауысы бұлт жарып,
Барады сонау Алатау елін аралап.
Осылай кейде жібегін жырдың бірге есеп,
Жусанды төсте жатамын еркін тілдесіп.
Тосаттан тағы бойымды кермек мұң кернеп,
Желмая мінген Асанға кетем мінгесіп.
Тынысты күйден көңілдің шөлі қанатын,
Жас жаным содан рахат, лəззəт табатын.
Киелі саусақ жетелеп кейде осылай,
Желпінткен беті Сарыарқаға алып баратын.
Артық та емес, кемде де емес тағы бір сүйем,
Құлақтан кіріп бойды алған əнді шын сүйем.
Тағдыр-ай, тағдыр амалым бар ма бірақ та,
«Қорқыттың күйін» тыңдап ап ауыр күрсінем.
Сұм ажал онда абжылан болып арбайды,
Боз торғай– жүрек шырылдап бір сəт талмайды.
Даланың əні– қазақтың əні сияқты,
Жанымды қайта жырыммен берік жалғайды.
Дала əнін тыңдап құлағым түріп ақырын,
Көз ілмей талай тамыздың таңын атырдым.
Ыңылдап бірде, дөңбекшіп кейде сол əннің,
Жалғасын айтып, жалғасын жазып жатырмын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу