Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  90


Автор: Тəпей Қайысханұлы

КӨГІЛДІР ТАУЛАР

Көгілдір таулар, мұнартып жатқан көк таулар,
Ырыздық дəнін ғасырлар бойы төкті-ау, бар.
Қара бір күнде қан жұтқан қия шатқалдан,
Естимін кейде «елім-айлаған» жоқтаулар.
Құрсанған түгел көк найза, сүңгі, көк сауыт,
Шықты екен қайсы кезеңге егей көп шауып?
Көгарай шалғын, орманы бітік қай қаптал,
Жатты екен көкшіл түтінін құшып, от қауып.
Нөсерден кейін жеті рең доға тартылып,
Тұрды екен қайсы кезеңде «тұлпар тарп ұрып».
Үріккен елім жылан жол қайсы жылғаңнан,
Керуендей шуап өтті екен жүгін тартынып.
Бабаның қолы – бабаның мөрі басылған,
Ғажайып мүсін көремін кедір тасыңнан.
Көгілдір таулар – көк тысты тарих секілді,
Киелі сырын, шежіре күйін жасырған.
Беймəлім, əйтеу, көк түске бойы оранған,
Көк сауыт киіп жорықтан жаңа оралған.
Көгілдір тауды көбелей шауып келеді,
Көк бөрі үміт көк тұман ішінен оянған.
Келеді кейбір киелі сырды тектегім,
Жауап бер маған тəкаппар тауым – бек керім.
Бастаған бір кез ғажайып оғыз батырды,
Тарпы да құрып кетті ме қайда көк бөрің.
Көк өзен жатыр аунақши ағып төсіңнен,
Қайранға түскен хикмет ізді өшірген.
Қарап бір тұрып, шашқанда қанды көбігін,
Қасірет артқан көремін ғасыр көшін мен.
Кеше де сен де, бұрын да, тіпті, тегінде,
Ала алмай талай ғарыптар өтті-ау, кегін де.
Көк басты жебе көкірегіне арнай қадалған,
Елігің ерке қансырап жатқан керіңде.
Көгілдір таулар көміліп жатқан мұнарға,
Шектің-ау, бəлкім қасірет ауыр мұнан да.
Кемсеңдеп жылап тұрсың ба соған, баба тау,
Баяныңды ойлап баяғың үшін мұңайма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу