Өлеңдер ✍️

  16.09.2022
  73


Автор: Тəпей Қайысханұлы

БАЯН – ДАЛА

Көркіңе сенің көз тойдыра алмай,
Кетем-ау, сірə, жомарт бір далам.
Жырларым менің боз торғайларыңдай,
Боз жусан түбіне жұмыртқалаған.
Жыр еткен мынау жүректен қалай,
Естілмей кетсін жаңғырған лебің?
Жауқазын көңіл дүр еткен талай,
Сіберлеп өткен жаңбырдан кейін.
Торғайлы таңмен шырылдап атқан,
Боялып таңмен оянғам баяу.
Шай гүлін ащы шылым ғып тартқам,
Құмалағымен қоянның анау.
Жуынып түгел шыққандай өңір,
Қарасаң ару атыраптарға.
Тұнады көңіл шықтардай мөлдір,
Іркіліп қалған жапырақтарға.
Шуағың қандай жүзіңді жуған,
Қыраның анау шүйілген көктен.
Қымыздық теріп, қызыңды қуған,
Шіркін-ай, шіркін, шырынды көктем!
Кейуана шағың кетпейді естен,
Бебеулеп тұрған бейне бір өлең.
Бетегең болып беткейде өскен ,
Бедерлеп сызсам бейнеңді деп ем.
Ерлік күйіңе қанатын едім,
Ерінбей айтар ертеген құптап.
Қара шалдардың қалатын едім,
Қара тонының етегіне ұйықтап.
Тотыдай тоқсан толғайын елім,
Баяныңды ұзақ ашына, налып.
Тобылғыңнан ұшқан торғайың едім,
Қонайын қайта басыңа барып.
Бас тігіп басын байтігің үшін,
Қапшығың үшін қан кешкен ерің.
Қара жер білер қайғының күшін,
Еңіреп сенде сан көшкен елім.
Сиынам дала сырыңды ақтарып,
Жасырма менен шыныңды бүйтіп.
Шыбын жан ұшқан шырылдап барып,
Ұстаған беті шиіңді бір түп.
Бөрілер тұрар қыратта ұлып,
Шұбырып өтер мұң-мұнар керуен.
Үрейлі дауыс құлаққа ұрып,
Қанының иісі мұрныңа келер. 
Тусада қандай қайғылы күндер,
Жауына басын имеген елі.
Бейуаздің талай қанымен кімдер,
Топырағыңды илеген еді?
Қадаған тəңір жер кеудесіне,
Дала тұмарым– тұғыр төбем-ай.
Тентіреп жүріп терген несібе,
Кешкен елім-ай, ғұмыр толағай.
Дала тағдырына тартып– ақ өскен,
Ашқылтым, кермек боз жусаныңды
Тарғалаң күннің тарпы ма өшкен,
Бір елес келер көз жұмсам ұдай.
Шақырып алып жыр құмар досын,
Тыңдайтын қиса шаршадым демей
Кісінесе егер жылқылар тосын,
Елеңдеуші едің шалдарым егей.
Сірі қарыңды тұяқпен ашып,
Жылқыларыңдай жусан бір жеген
Арманым бар ма жүрекпен ғашық,
Дала төсіңді жусам жырменен.
Баян далам-ай, көзің едім мен,
Айтылып болмаған сөзің едім мен.
Бойымнан ғашық сезім төгілген,
Баян далам-ай, қозың едім мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу