Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  103


Автор: Бижан Қалмағанбетов

УАҚЫТ

Өмір тұрған зат емес қой қорапта,
Өтіп жатыр жылдар, айлар, сан апта.
Ертелі-кеш жүгіреміз тынымсыз,
Қайта-қайта қарап қойып сағатқа.
Мұрсат тауып алған кезде сәл демін,
Сындырардай қақты есікті әлдекім.
Сөйлесейік дедім, «жоқ, жоқ жиналыс,
Ал кешкілік кездесуім бар менің».
Осылайша досым уақыт таппады,
Қысылды ма орынсыздау мақтады.
Сенбі деп ем отбасымен қыдырып,
Эмиратқа ұшып бара жатқаны.
Әншейін сөз дей алмаймын жүр алдап,
Уақыт –алтын жатыр бәрі ұрандап.
Ақылдылар байыппенен алдағы,
Екі-үш айын қояды екен «пландап».
Мойындаймыз көнбес уақыт ырыққа,
Құрығыңды жалғасаң да сырыққа.
Мына сабаз сұрап көрші, білмейді,
Баратынын ұлының қай сыныпқа.
Дәйек, дерек болмаған соң құнары,
Ақталарлық ой айтамыз шүбәлі.
Туыс-жақын қайдасың деп сұраса,
Бәріне уақыт болып шығар кінәлі.
Шетімізден күміс қанат қыранбыз,
Қашан уақыт шын бағаңды ұғармыз.
Қас қарайып кеткенінше жүгіріп,
Түнде әйтеуір дамылдайтын шығармыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу