Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  65


Автор: Бижан Қалмағанбетов

АҚМОЛДА

Ақылдымен иық тіреп, кеңесті,
Шонжарларға қарсы тұрды егесті.
Жасыл орман Башқұртстан жерінде,
Мифтахетдин – Ақмолда атты бала өсті.
Көп білуге құштарлығы ауатын,
Қарт Уралдай ардақтады тау атын.
Шәкірт болып қатарынан алға озып,
Медреседе ашты алғаш сауатын.
Бақылауға ұстап білім сапасын,
Кейде өзі де жаңа пікір қосатын.
Дәріс берді алғаш маған дейді екен,
Шамсетдин Зәки сынды сопы- ақын.
Бала оқытып, ұстаз болды өзі де,
Ұрандай нық, шымыр еді сөзі де.
Өлең атты жақын болып өнерге,
Жұртшылықтың ерте түсті көзіне.
Жүрді оларды көрмегендей күйге еніп,
Арамтамақ, жалқаулардан жиреніп.
Өзін - өзі жетілдірді жан-жақты,
Мына өмірден жатпай-тұрмай үйреніп.
Кім түсінер сіңбеген соң құлаққа,
Асау мінез табиғатын бірақ та.
Кетті үйінен орын таппай мұңдана,
Әкесінің мінді де атын жыраққа.
Бұлтыменен құбылса да жиі аспан,
Сері Ақмолда саятшылап қыр асқан.
Жүрсе бірде баурайында Уралдың,
Көрді халық Ақеділ мен Миастан.
Қанағат деп сүйіншілеп, барға нар,
Танымайтын кейбір жандар таңданар.
Елім оқып, білсін деген ниетпен,
Арбасында кітаптар, қолжазбалар.
Көктем менен жаздың жайлы шағында,
Жиі барып жайлаулар мен ауылға.
Сабантойда айтыстарға қатысып,
Жыр оқитын шоғырланған қауымға.
Отты жырмен түйресе ылғи байларды,
Бұл тақырып қазығына айналды.
Қорғады ол қалқан да боп, найза боп,
Кедей менен жарлы-жақыбайларды.
Бірде үзіліп көкірегінен тылсым ән,
Қалды ажырап тума-туыс, жұртынан.
Троицк түрмесіне төрт жылға,
Қаматты оны жала жауып сыртынан.
Дегендей ме, «шыда, Ақмолда, шатаспа,
Бәрі ойымда сайрап тұр ғой «запаста».
Сүйеге асыл жасыта алмай ақынды,
Тың дүниелер келді өмірге қапаста.
Көп болса да солақайлар түрткісі,
Ақиқатты келмеді ішке бүккісі.
Ақмолданың сол жырлары ішінен,
«Мекенім менің – зындан» екен мықтысы.
Жаздың бәрін болмысыңмен түсінем,
Рубаилар әдісінің күшімен.
Философы, озығы деп таныды,
Түркі тілдес ақындардың ішінен.
Сездің өмір толқынымен екпінді,
Әлсіздерді құлатуға дөп тұрды.
Башқұрт, татар, қазақша да жазатын,
Ағартушы – ақынымыз деп білді.
Болғаннан соң көкірегінде от анық,
Үлкендерден өстің ылғи бата алып.
Ақиқаттың ақ жолына түстің де,
Ақмолда ақын кеттің содан аталып.
Тарыдайын халқын сыртқа шашпаған,
Еңбек етіп, оқыңдар деп бастаған.
Өзің болдың «Менің башқұрттарым!» деп,
Салаваттан кейін Үндеу тастаған.
Ел қамымен ақын тыныш жатқан ба,
Ойшыл- дана берілмеді аттанға.
Ығыстыру, кемсітуге жол жоқ деп,
Башқұрттар мен қазақтарды тартты алға.
Туған жері – баға жетпес байлығы,
Құрбан болам деп жүрмеді қай күні.
Жұртшылықтың аузында әлі жатталар,
«Өсиеттер» шығармасы әйгілі.
Алпыс үш жыл көп нәрсеге жетпедің,
Тарих болып қалды бірақ өткенің.
Айтыскерсің, философсың, ақынсың,
Құрдың үлкен поэзия мектебін.
Терең зерттеп қызықтырған салаңды,
Өлеңменен көркемдедің санаңды.
Ғафури, Сайфи, Тоқай менен Құдаштар,
Сенің терең тамырыңнан нәр алды.
Жүйрік едің келген озып алқынбай,
Ғұмыр кештің найзағайдай жарқылдап.
Мұраң сенің артта қалған көп те емес,
Құм ішінен сүзіп алған алтындай.
Жүрдің елді ерке ақын боп жағалап,
Құшақ жайып қарсы алатын жамағат.
Суырып салып, ауызша айттың көп жырды,
Сол дүниелердің сақталмағаны обал-ақ!
Ақмолданы ұмытпайды ел бүгінде,
Жалғыз кітап таза башқұрт тілінде.
«Шахабутдин Маржаниды еске алу»,
Элегияң жарық көрді тіріңде.
Елің азат, күдік бұлты сейілген,
Ескеркішке қарайды ұрпақ зейінмен.
150 жылдық сенің мерейтойыңа,
Бір томдығың қолға тиді кейіннен.
Халықта елдің жаңаруы, билігі,
Ей, жас ұрпақ, тез жадыңа түй, мұны.
Уфадағы педуниверситет атыңда,
Есіміңде әдебиет, өнер сыйлығы.
Башқұртстан мерейлі өлке қашаннан,
Түзеп бойын бойжеткендей жасанған.
Өскен жерің Миякин аудандық газеті,
«Ақмолда тұяғы» деп аталған.
Көңілі шат бүгін бүтін, жарты да,
Өлмес мұра қалдырдың ғой артыңа.
Құрметтейді сені көкке көтеріп,
Мың сан алғыс Башқұртстан халқына!
Аспан ашық, төбемізден күлсе күн,
Орындалды кеудеңдегі бір сенім.
Әппақ дүние жүрегіңдей кіршіксіз,
Өлмеске аяқ басқаның ғой бұл сенің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу