Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  188


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ҚАРТТАР

Ұмытпайтын өткен кез, шақтарын-ай,
Ұлағатты халқымды сақта, құдай!
Көздерін көлегейлеп қолдарымен,
«Қай баласың?» дейтұғын қарттарым-ай!
Туған елі сүйенер тірегі де,
Мейірбандық жинаған нұр өңіне.
Малын айдап ертемен, кешке қарсы ап,
Қолынан түспейді айыр, күрегі де.
Еңбек етер аянбай жең түріне,
Алғыс айтар мың рет ел күніне.
Жібердің бе деп қаржы немереге,
Бір күңкілдеп қояды кемпіріне.
Солар әркез жастардан үміттенер,
Бар ұлдары жарқылдап кіріп келер.
Жеті атаңды алдында айта алмасаң,
Саусағын бүгіп тұрып тізіп берер.
Тағдыр ғой жүрсе кейде құшып қайғы,
Қайраттанып ертеңін пысықтайды.
Сүрініп аяқ-қолды жырып алсаң,
Дәрідей құм сеуіп-ақ ұшықтайды
Қарттар болса ортаңда жарасымды-ай,
Шежіреші, тарихшы жоқ осындай.
Ақыл айтып, көмегін аямайды,
Бәрі оның немере, баласындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу