Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  89


Автор: Сағыныш Намазшамова

Дерт-азабын теңестіріп ләззатқа...

Дерт-азабын теңестіріп ләззатқа,
Сүйдім,
сосын бел байладым қазатқа.
Сосын тағы бытырадай бөліндім,
Мен осында, армандарым о жақта.
Ойларымның басы тағы бірікпей,
Әр жерімнен қаным сорды сүліктей.
Жердей ауыр тартқан сайын аңсарым,
Армандарым түсті тіпті биіктей.
Биік, рас, айналдырар басыңды,
Қарсы алдымнан қанша қақпа ашылды.
Тік қарап ем, тағдырым да тайсақтап,
Жалт-жұлт еткен жанарларын жасырды.
Түсірді әне, тік көтерген шоқпарын,
Көрді-дағы жүрегімде от барын.
Төзімді де, өзімді де пісіргем,
Қайта-қайта қарып жүріп шоққа мың.
Жуып-шайып жатқанымен жыр бәрін,
Есім бірақ, бірде бүтін, бір жарым.
О, махаббат,
мінсіз болу шарт десең,
Сірә, бола алмаспын-ау құрбаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу