Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  155


Автор: Рза Қунақова

АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

І
Адам атты тым биік арымменен
Жиырмадамын, лаулаған жалын денем.
Оққа тостым кеудемді қалқан қылып,
Қорғай білдім елімді жанымменен.
Көргенмін танкілердің түйіскенін,
Көргемін талқан болған үй үстінің.
Қапылыста оқ тиіп құлағанда,
Туған жер топырағын иіскедім.
Соғыстан елге қайта оралмаған,
Арудың сүйіктісі бола алмаған.
Құрбыларым соғыста құрбан болған,
Ең қымбатым, асылым солар маған.
Жұлдық боп жанып көкте көрінбеген,
Бұрым боп бойжеткенде өрілмеген.
Қорғады Ұлы Отанды құрбыларым,
Дұшпанға ел намысы берілмеген.
Бомбалар төбемізде жарылады,
Жер, көк – от, кең дүние тарылады.
Оранған от-жалынға қала, дала,
Қашан сөніп түтіннен арылады?
Мейлің күл, мейлің қорық, мейлің жыла,
От-жалында ер мен езді əбден сына.
Бір сəтке əзілдесіп отыру жоқ,
Қызу шайқас, жүреміз іштен тына.
От ойнап жер мен көктің арасында,
Ыза-кек əрбір жанның қарасында.
Бəріміз бір анадан туғандаймыз,
Достастық қанды майдан даласында.
Бірде мен құлап түстім қанға батып,
Жатырмын тамшы сусыз таңдай қатып.
Шілденің қайнап тұрған ыстығанда
Ажалмен арпалыстым тілсіз жатып.
Шырылдап шыға жаздап шыбын жаным,
Денеме қатып қалған ұйып қаным.
Əлсіреп айдалада жатқанымда
Тосыннан барлаушыға табылғанмын.
Бағынып сұм тағдырдың мазағына,
Көнгенмін соғыстың көп азабына.
Бəрін де сүйе алады елін сүйген,
Сенбесең, шын шайқаста таза сына.
Білмедім енді арғысын, естен тандым,
Өрт ішінде жатқандай күйіп-жандым.
Көзімді ашсам сəлден соң, байқағаным,
Ақ халатты адамдар арты-алдым.
Денем тас, ештеңені білмен, сезбен,
Дəрігерлер аялар жылы сөзбен.
Бір аяқ, бір қолымды отқа беріп,
Жатырмын, бұл қорлыққа қалай төзгем?
Мүгедек боп бір аяқ, бір қолымнан,
Қалдырды дұшпан сəйтіп нұр жолымнан.
Достар үшін жауымнан кек алмақ ем,
Не пайда, шықпады ғой түк онымнан.
Жатып алып берілем түрлі ойға,
Дəрігерге жалынам: «тірі қойма».
Күш болса, атып тұрып төсегімнен,
Əттең, шіркін, салам ем жауға ойран.
Іске аспас бұдан былай іштегі айлам,
Отаныма тимейді-ау енді пайдам.
Жаутаңдаймын қырандай сынақ қанат,
Шарықтап көк жүзінде салған сайран.
Амал не, жүрек сыздап күрсінемін,
Дертім күшті, дəрігерлер білсін емін.
Майданға оралмайтын күнді ойласам,
Онсыз да жансыз денем түршігеді.
Сенделіп тар төсекте тұншығамын,
Айқайлап дəрігерді шақырамын.
Аларып екі көзім, тіс шықырлап,
Көмейде айтылмаған жатыр əнім.
Жаны жоқ оң қолым мен оң аяқтың,
Жаралылар қиналар мені аяп тым.
Үстіме тас емес, тау құлағандай,
Денем қызып, ұйқыдан сан оятты.
Ең ауыр менмін басқа жарадардан,
Кейбірі қайта тұрып, жарағандар.
Құстай боп айырылған қанатынан,
Мүсіркейді маған тек қарағандар.
Қардай бомба жаудырып самолеттер,
Орманды орағанда жалын, өрттер.
Дүние астан-кестен күйге енгенде,
Шама бар ма біреуді біреу жоқтар?
Кездейсоқ жауынгерлер келіп қалып,
Жүріпті иығына кезек салып.
Жеткізіпті сүйрелеп госпитальға,
Түніменен арқалап алып барып.
Сонымен госпитальда төрт ай жаттым,
Өмірдің ащысын да біраз таттым.
Жазылды күнделікке əрбір күнім,
Жауабы жоданбады келген хаттың.
ІІ
Қол кесілді, шолтиды аяғым да,
Алшаң басар күн қайда баяғыдай?
Аяқ орнын атқарды қайран балдақ,
Күн түсті жасанды аяқ-таяғыма.
Қызығы дүниенің ары қалып,
Қиналдым жүрек сыздап, қарым талып.
Қорғасын құйылғандай денем ауыр,
Орнымнан тұра алмаймын барым салып.
Жасаған емнен болмай ешбір пайда,
Аяқты кеспек болды дəрігер қайта.
– Денеңе шаппау үшін қауіпті ісік,
Табармыз жаның үшін біз бір айла.
Жұбатты жылы сөзбен мені аяп,
Ұстамай-ақ жүресің балдақ, таяқ.
Кемтар етпей ауылыңа қайтарар ем,
Айығар емес бірақ сынған аяқ.
Сіз үшін дəрігерлер пікірлесті,
Консилиум жасады да, былай шешті:
Жараны асқындырып алмау үшін
Тек тізеден кесетін боп келісті.
«Қорықпа», – деп айтуда ақылдарын,
Ақыл қосар жоқ мұнда жақындарым.
«Өлгенім артық еді соғыста», – деп,
Өзімді өзім қайрап мен батылдандым.
Күйіктен бас айналып, күйеді ішім,
Баспады бірі оңға менің ісім.
Кетер ем:
«Қайдасың, – деп, – майдан шебі?» –
Басымды көтеруге жетпес күшім.
Телміріп терезеге тесілемін,
Дəрігердің дарымады-ау есіл емі.
– Күрделі операция жасау үшін
Бұл жерден басқа жаққа көшіреді. –
Дейді маған жаны ашып көршілерім,
Бір сөзді айтса керек емшілерім.
Бауырымдай бəрі де мұңаяды,
Арасында мен едім кішілері.
Шілде еді мен жатқанда, күз болыпты,
Су бетіне қабыршақ мұз қоныпты.
Терезенің алдында жайнап тұрған,
Мезгілі өтіп, жайнаған гүл солыпты.
Бір күні жапалақтап қар да жауды,
Ақ мамық жапты дала, қырат, тауды.
Болса да енді сапқа тұра алмаймын,
Көңіл, шіркін, кетуге елге ауды.
Осы ойымды білдірдім дəрігерге айтып,
– Бұл түріңмен жетпексің елге қайтып?
Операция біткен соң жібереміз,
Бір сұлуды қосамыз, – деді толқып.
ІІІ
Аша алмаймын, апыр-ау, көздерімді,
Естімеймін ешкімнің сөздерін де.
Айналамда аққудай ақ желеңдер,
Сеземін операция кезінде.
Бір кезде бір келіншек қойды сұрақ:
– Ауылда кімің бар? – деп, жатыр сұрап,
– Жетіммін, əке-шешем ерте өлген, –
Дедім де, үнсіз ғана жаттым жылап.
– Тірліктің түрлі болар өрімдері,
Қорықпа, жуымайды өлім, – деді. –
Сауыққан соң қайтасың туған елге
Қаласаң, ала бар бір келін, – деді.
Жылы сөзге қалай жүрек ерімейді,
«Əкетем, табылса егер, келін, мейлі», –
Деп, мен де дəрігерге жауап қаттым,
Одан басқа тірі жан көрінбеді.
Сол жатқаннан мол жаттым,
қозғалмадым,
Жұбаныш үшін айтпаған сөз қалмады.
Жеңсе екен дұшпанды Ұлы Отаным,
Жоқ менің бұдан басқа өзге арманым.
Сарылып жата берем төсегімде,
Ісім жоқ ешкімнің сөз, өсегінде.
Тірінің санатында бар болғанмен,
Елге пайдам тие ме кешегідей?
Келді де бір күн түсте дəрігер қыз,
Хабарынан басталды əбігеріміз.
Жібермекші біздерді басқа жаққа,
Жаралылар жандары бір, біргеміз.
Жеткізді станцияға ат шанамен,
Келеді поезд жүйткіп ақ даламен.
Қоштастық жаралылар дəрігермен
Алты ай бойы асыраған сол қаламен.
Жүйткіді арқыраған ауыр состав,
Əр жерге бес-алтыдан адам тастап.
Біздерге тісін жарып сөйлемейді,
Медбике қыз келе жатқан жолды бастап.
Көзі тұр шығуға сəл шарасынан,
Сескене ме жауынгер жарасынан?
Түнгі сағат үштерде тастап кетті
Поезд бізді қалың ағаш арасына.
Қар басқан көрінбейді үйдің бəрі,
Бізді қысып барады қыстың бəрі.
Алты ай бойы госпитальда жатқан маған
Даланың таза ауасы болды дəрі.
Алты айда қардай болды көмір шашым,
Көтертпейді зіл батпан шақша басым.
Операция жасалды үшінші рет,
Толғанда жиырма екіге менің жасым.
Дəрігерлер қалды мұнда ұстап тағы,
Түсіме ауыл кірді қыстақтағы.
Бала кезден бірге өскен бір қызбенен,
Отырмын орындықта тыс жақтағы.
Бірақ та тіл қатпады маған жылы,
Айтылмай қалды арналған жүрек жыры.
Бас қатты оянған соң көрген түстей
Ойладым қалай үғам енді мұны?
...Тағдырым қатты келді осы маған,
Туыс жоқ, сүйенетін не бір ағам.
Тірі боп оралғанмен туған жерге,
Өзімді өзім күтіп қалай бағам?
Қиналып жүрек кейде талғанында,
Еліме мүгедек боп барғанымда.
Қуанып қарсы алса, ол бір бақыт
Балаша еркелер ем алдарында.
Жүрек жасып, көңілде туды күдік,
Жетелейді бірақ-та алдағы үміт.
Ақылменен екеуі тоғысты да,
Сəлем хат туған елге жаздым тұрып:
«Сенсеңдер менің сөзіме,
Көрінгім келмес ел көзіне.
Келсаптай болып кеспелтек,
Жатамын жаным езіле.
Мазалар көп ой тыншытпай,
Тұрғандай болды Күн шықпай.
Қозғалмай қалдым төсекте
Бытыра тиген шымшықтай.
Ер болып етік кимеймін,
Аяқты бүгіп, имеймін.
Құрбыларым биге шақырса,
Олармен қалай билеймін?
Болмас енді үйлену тойым да,
Қайрат күшім аз менің өңбойымда.
Жүре алмай қатарласып құрбымменен,
Денемді артып қойдым сойылға.
Қолымнан келмес түк менің,
Сырымды айттым, бүкпедім.
«Кел» дегендер, хат жазсын,
Туыс боп мені күткенің»...
Оқыдым хатты көршіме уайым жеп,
Пікірін тыңдап көріп, сынайын деп.
Шау тартқан қырандайын томсырайып,
Күрсінді ол, көздері жыламсырап:
– Қарағым, ұқшы менің ақылымды,
Шошытпа бұл хатпенен жақыныңды.
Мүгедек болғанымды мен де жазып,
Үркітіп алдым бала, қатынымды...
Көндім де үлкен аға ақылына,
Хатымды жолдамадым жақыныма.
Ойладым ебін тауып елге жету,
Жасанды таяқ байлап тақымыма.
– Ел іші аталады алтын бесік,
Бар шығар маған деген аз-кем несіп. –
Дедім де, дайындалдым жол жүруге,
Қарсы алар табылар бірер есік.
Жаралылар босатпайды дəрігер алдын,
«Қайтар» деп өтінуге мен де бардым.
Бəрі де маған қарап езу тартты,
Қысылып қылығыма, үнсіз қалдым.
– Дайындал алда жүрер сапарыңа,
Солдаттың қалдырмаймыз қатарында.
Екі жыл от та кештің, оққа ұштың,
Риза саған халқың да, Отаның да.
Кететіндер жолға тез жиналды да,
Қалатындар қимайды, қиналды да.
Зағип, шолақ – бəрі де мүгедектер,
Сыймайды госпитальдің алаңына.
Станцияға шанамен əзер жеттік,
Жол-жөнекей аялдап, шылым шектік.
Дауыстап үлкен состав келді түнде,
Отырдық та, тездетіп жүріп кеттік.
Көңілің көтерілсе, мұң қала ма,
Бесінші күні жеттік Шым қалаға.
Ауылға жетер мезгіл болған сайын
Көбейе түсті күдік, сын балаға.
Көп ұзамай тоқтадық, түстім жерге,
Кеудемді тостым керіп түнгі желге.
Бораны да жылы екен туған жердің,
Жеттім мен шыныменен туған елге.
Ауылдастар қуанды мені білген,
Құшақтап бірі жылап, бірі күлген..
Көргенде көрші қызды қатар өскен,
Мылқаудай ауыз ашпай, қалдым тілден.
Қуанды құрбыларым, ауылдасым,
Жиналды үлкен-кіші бауырласым.
Сəбидей аялайды бəрі мені,
Жандары қалай ғана ауырмасын.
Жар еттім өзім сүйген бір аруды,
Ұмыттым еңсе басқан зіл ауруды.
Келе сала еңбекке араластым,
Арбаға айырбастап мен қаруды.
Болар деп болашағым алда қандай,
Елестейді бір бақыт аппақ таңдай.
Көтердім жесір жеңге көңілдерін,
Əңгіме, əзілдерім ұнар сондай.
Сөйтіп мен туған жерге жеттім аман,
Көмектесем баршаңа, келсе шамам.
Бір ауыл бірге туған бауырымдай,
Ақ шашты бар əжелер – менің анам...
Жеңіс деген – бейбіт таңның нұрлары,
Жеңіс деген – ақын жүрек жырлары.
Жеңіс деген – майданда өлген боздақтың
Аруларға айтпай кеткен сырлары.
Жеңіс жазған естелік көп ойымда,
Намыс оты əлі де бар бойымда.
Ұрпағыма мақтанышпен айтамын,
Жыл сайын мен Жеңіс күнгі тойымда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу