Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  52


Автор: Исраил Сапарбай

АНЧАР

Аңызақтың аранындай,
Басылмай тұр жалын әлі.
Жапандағы қарауылдай
Жалғыз қара шалынады.
Құп алса да Тәңір кәрін,
Тағдыры оны жұтатпады:
У жайлаған тамырларын
Тәу еткендей бұтақтары.
Ала құйын – арқан шұбап,
Құтырғанда құм алабы,
Қабығынан қан тамшылап,
Өзегінен у ағады.
Сол ағаштың, мыстан бойлы,
Тұрқы, сұрқы тола қайғы:
Бұтағына құс қонбайды,
Жыртқыш аң да жоламайды.
Анда-санда ауып өткен
Дауылға да жайы мәлім.
Ілуде бір жауып өткен
Жауынға да жайы мәлім.
Адамға адам қас қыларда
Еске алады бұл ағашты.
Арам пиғыл асқынарда
Еске алады бұл ағашты.
Кімге харам, кімге адалмын –
Келсе айтар ем қарсы алдыма...
Ажалына күллі адамның
Жетіп жатыр Анчар мына!
Таңдау, міне, тағы жетті –
Кімге кімнен қауіп төнбек?
Құлға Алдияр әмір етті:
«Бір тамшы уды тауып кел!» деп.
Кімге ажал анық төнді? –
Шаруасы не құл-құтанның!
Барып келді, алып келді
Улы ағаштың бір бұтағын.
Зар деп емей, ән деп ұқса,
Кімге керек бұлбұл мұңы?
Жан деп емей, тән деп ұқса,
Кімге керек құлдың құны?
У тамбай-ақ қасығына
Бақиға жол шекті байғұс.
Жетіп-жетпей лашығына
Бұл фәниден өтті байғұс...
Ал кінәзді шегерер кім? –
Әуселесін тақ біледі:
У жалаған жебелердің
Жан-жаққа ұшып жатты легі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу