Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  86


Автор: Әлима Ысқақ

От басындағы ой

(Ана аузынан)
«Қара қазан, сарбаланың...» күйбіңін,
Місе тұтпай кезем ойдың иірімін.
От басынан құлаш ұрсам,
Көрер ме ем,
Ең биікті, қиырдың ең қиырын.
Осы үміт жарқылдайды лағылдай,
Бір сәтке де таба алмайды жаным жай.
От басында арпалысам екі ұдай,
Арман үшін тартқан шоғым жағылғай.
Арман-қиял мені алысқа жетелеп,
Кетем кейде қанат бітіп төтелеп.
Бірақ, болмыс-әйелдігің пір тұтар,
Әжелерді көз алдыңа әкелед.
Я, олар таңғы әнімен бұлбұлдың,
Ашатұғын бар ауылдың түңлігін.
Берекенің дәмдеп асын күн бұрын,
Тиятұғын көз жасында мұңлының.
Сыйласқанның, ағайынның, құрбының,
Қуанышпен кежімдеген дүлдүлін.
Ою-өрнек, жасау....
Той мен ас болса,
Қолынан-ақ табатұғын тындырым.
Озбырлықты көрсе ұстап жағасын,
Құптамайтын «жолы тар деп таба» ісін.
Әке құнын кешіп келсе алдыға,
Жалап тұрып жанға түскен жарасын
Ер жігіттің бүтіндейтін жағасын.
Кісілігі төрін берген алашқа,
Айта алатын сарабын да таласта.


Өнерпаз да, жетелі ұл-қыз баулыған,
Ән-күй төгіп, айтыс қызған таң аз ба?
Өткірлігі ұқсаса да алмасқа,
Еді-ау онда деп бұзбас сән басқа.
Өткен ер мен ел қамы үшін жаралып,
Аналарды неге ауызға алмасқа?!
Тентегін де тиған, келсе сүйреңдеп,
Өмір бойы білікті ісін сүйген көп.
Шылауышын салмасам да ол әженің,
Тұрады арым «ақ жанынан үйрен!» деп.
Үйрен арым ақ жанынан ес көріп,
Асқақ, таза, ар- намыс пен өс көрік!
Ана рухы босағада- ақ, көрмеген
Ұлы адамдық қасиеттен дес беріп...
Босағадан озбады олар тегіннен,
Өзгеге орын беріп төбе, төрінен.
Анаға тән ұлы адамдық қасиет,
Ізгіліктің қайнар көзі делінген.
Сонда да орны, аты да ерек аталмай,
Кетті әжелер, кетті аналар сапарлай.
Төмпешік боп жатыр дала төсінде,
Ұрпақ көрген бақыт дәмін тата алмай...
Орнататын басына алтын мұнара,
Ұл да өсірді, қыз да өсірді ұлы ана.
Ұлы ананы ардақтаған ұрпақты,
Балар едік қалған асыл мұраға.
Ана рухын үлгі етерлік арман қып,
Бүгінгіге кір шалдырмай жалғарлық.
Бір ғажайып сезінудің күшімен,
Ертеңгіге қам жасайсың қарманып...


Бірақ, бірақ,
Дүние бүгін ғаламат
Озық ұлттар ғарышты жүр аралап.
Өзгелерге төрін берген аналар,
Не тындырар босағаны жағалап...
Ерсем бе онда самғар көңіл тұйғыным,
Артынан ақ мұрат атты игінің...
Ошағыма тастасам ба тағдырдың,
Әйел үшін таңбалаған бұйрығын.
Сонда, сонда, жебейтін қол болар ма,
Ақ бата, алғыс төңірегіме толар ма?!
Бір шұғылалы шыңды бетке ап сайланып,
Шығар болсам мен де аңшыдай сонарға.
Қыранға онда тұғыр керек қонарға,
Саятың да қағушысыз болар ма?!
Басшы, қосшы көңіліңді түсініп,
Ортан қолдап, жарың бірге тосар ма?!
Бұдан соң да сынар үлкен-кіші бар,
Бәлкім олар шын қол үшін ұсынар.
Досың демеп, қасың бөгеп құлшынар,
Жеңіс табар, кезіңде бар ұшынар.
Бәр-бәрі де ойыңды он бөледі,
Кейде үміт жұлдызы да сөнеді.
Әйелдік-ай, сенің нәзік жолыңда,
Көмескі қыл көпір неткен көп еді?!
Жаның жадап ақ жаңбырын төгеді.
Болмыс, үміт аунақшиды сағымдай,
Бір сәтке де таба алмайды жаным жай.
Арпалыссам сезімменен екі ұдай,
Арман үшін тартқан шоғым жағылмай.


Әйелдік-ай!
Тұрмайды ғой жаз ылғай,
Озар дәурен жылдың аққу, қазындай.
От басында қалар базар, ажарың,
Қалар, бәлкім, жан сырың да жазылмай,
Армандаған асылдарың қазылмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу