Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  55


Автор: Исраил Сапарбай

КӨШ

Келiп жатырсың,
Келiп жатырсың бiр-бiрлеп,
Қоңыраулы көшiң күмбездей
көне күмбiрлеп.
Тәңiрi – қалқан,
Тағдыры тарпаң ел едiң,
Таусыла қоймас талайға дейiн бұл бiр лек...
Жаңғырып тау, шың,
Дабысың, даусың көкке өрлеп,
Келiп жатырсың Алатау асып, бөктерлеп.
Жаппарға қанша жалындың екен, құдай-ау,
«Шүберекке түйген жанымды елге
жеткер» деп.
Қайтқан бiр құстың талаурап, талып
тәттi үнi,
Қасат қар ерiп,
Қағылған сәтте қап түбi..,
Жалқау қазақтың ашылса неттi ұйқысы?
Аңқау қазақтың басылса неттi аптығы?!
Келiп жатырсың шалғайдан,
шеттен,
қияннан,
Арманнан Ақ үй, Ақорда салып қиялдан.
Не көрдiң кеше дiлi де дiнi жат жерде?
Не бiлдiң бүгiн балапан басқан ұяңнан?
«Жекеше шарбақ,
Жекеше аруақ,
Жеке жау...
Жеткен бiр жерiм осы ма, – дерсiң, –
көкем-ау?
Айында көрмей,
Жылында көрмей,
Шынында,
Қазақты қазақ жатырқап қалған екен-ау!..
Барыңды малдап,
Жаныңды жалдап жалғанға,
Жатырсың келiп,
Шашылған қазақ әр маңға.
Аяғыңды iлдiң Атамекенге арманда,
Темiр етiктен тебендей жұрнақ қалғанда!
Аяғыңды iлдiң –
Баяғы күннiң боздағы.
Шежiрең сенiң шерiмдi менiң қозғады.
Шат шағым кәнi?..
Шашымды әбден ағартты-ау,
Басқаны қайдам,
Бәтша мен байдың өз қамы.
Келiп жатырсың,
Келiп жатырсың бiр-бiрлеп,
Қоңыраулы көшiң күмбездей
көне күмбiрлеп!
Тәңiрi – қалқан,
Тағдыры тарпаң ел едiң,
Таусыла қоймас талайдан бергi бұл бiр лек...
Ал менiң кеткiм келедi бiр жаққа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу