Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  56


Автор: Исраил Сапарбай

МАҒЖАНША

Ойлы Шығыс оянды,
Оянғаны аян-ды.
Баһадүр Шығыс оянса,
Батысқа тажал таялды!
Бопсаға көнген Бостандық
Бола да қоймас баянды…
«Қуыршақ құдай» – қу Нәпсi
Қуыс кеудеден жай алды.
Жай алғаны емес пе:
Айдарынан жел ессе?
Еншiлес жатқан ежелден
Екi дүние егессе?
Телi менен тентектiң
Терезесi теңессе?
Жезтырнақтың желiккен
Жетегiне ерсе Жезөкше?..
Батыс – Бала,
Шығыс – Дана.
Бала Батыс – арыстан,
Дана Шығыс – данышпан.
Арыстан Айға шауып мертiгедi,
Данышпан сергек күлiп, серпiледi.
Айбарлы алпауытқа есе бермес
Айдарлы азаттықтың еркiн елi!
Батыс – Iбiлiс,
Шығыс – Құбылыс.
Iбiлiстiң көздегенi –
Өз дегенi.
Дүние Iбiлiспен iрiп-шiрiп,
Дүние Құбылыспен өзгередi!
Адамзат жаһилдiкке жаза кешiп,
Адамзат ақылдыға сөз бередi!
Шығыстың мейманасы асып-тасып,
Шындыққа жүгiнетiн кез келедi!
Батыс, түнiң төндi,
Шығыс, күнiң келдi.
Төнген түн –
Өлген Жынның зiл батпаны.
Келген күн –
Бал бөбек қой құндақтағы!
Құндақтағы Баланың
Анасы – Ай,
Әкесi – Күн.
Күн қуатты болғай!
Ай шуақты болғай!
Аумин!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу