Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  52


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЙЫРЫМ

Қарағым-ау,
«Қайырымың» қай ұғым,
Алла алдында жиылмаса айылың?
Адасуға бейiм тұрса бейiлiң,
Қара суда қалтылдаса қайығың?
Ол шiркiндi ұмытқалы қай заман,
Қадiрi жоқ сөздi қайтем жай, жалаң.
Мынау арсыз, абыройсыз қоғамда
Ақын болу...
Әй, жаман-ау, әй, жаман...
Ханға ұрынбай,
Қараға да бұрылмай,
Қаңдай қиын ғұмыр кешу бiрыңғай:
Ашуы жоқ ашып кеткен қымыздай,
Ағыны жоқ сасып кеткен жылымдай!
Қайыр, Мейiр – емес пе едi екi ұлым
Самал желпiп,
Жел сипаған кекiлiн?
Төр бермейтiн
Көрге енбейтiн тексiзге
Телмiрiп тұр босағада жетiмiм!
Қаратаудан қарғып ұшқан қойтасым
Алатаудың қайтiп басын шайқасын?
Ал сен болсаң,
Айдан түскен немедей
Қайдағы жоқ қайырымды айтасың?!
Жырыңды мен, құл ұқпаса құнымды,
Кiмге налып,
Кiмге айтамын мұңымды?
Жанартаудай өңешiмнен от шашып,
Мен де бiр күн ақтарармын жынымды!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу