Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  155


Автор: Исраил Сапарбай

ДҮМШЕ ПАТРИОТ

Жаманға түндiк тескен жел уайым,
Жақсыға кiндiк кескен ел уайым.
Тексiздiң тез көрмеген тебегенi
Майсамды майқандаса неғылайын?
Түседi алуан әрiп бiр қағазға.
Өмiр – жұт,
Өздi-өзiмен жұрт аразда.
Қанбаған қан мен терге қара жерде
Қабылдан тарап кеткен ұрпақ аз ба?..
Харекет, берекеттi қасына алған
Аман бол, айналайын, асыл Ордам!
...Ерiксiз 37 түстi есiме
Талайдың шашын емес, басын алған.
Көз оғын сөз оғымен қосарлаған
Оспадар кездеспептi-ау осал маған?!
...Ерiксiз 52 түстi есiме
Тоқалдар шөмiш алып шошаңдаған!
Қабынба, қағынба да, байқа, бала,
Қайдағы Қасiреттi қайталама!
...Мың тоба Тоқаңдар мен Мұқаңдарға
Отырған мәйшат құрып Мәйханада.
Астарын аңғармастан ақ–қараның
Ағаңды әбжiл болды-ау даттағаның.
Сары ауыз балапаным, көрiнiп тұр
Тәттiден басқа дәмдi татпағаның.
Дәметпей әлдекiмнен күлше, пәтiр
Қайтедi өз жөнiмен жүрсе пақыр?
Дүние астан-кестен болмас едi-ау,
Дүм жағын қысып жүрсе Дүмше-патр...
Жүйрiктi қамшыласаң – бағы жанар,
Қашырды қамшыласаң – қағы қалар.
Кiмдерге кiмнiң қалай жаны ашиды? –
Асықпа, елдiң өзi-ақ танып алар.
Таратып айналаңа сөз мазағын,
Тағы да қоламтаңды қозға, жаным.
Көлденең көк аттыда шаруам не?
Ұрсам да, ұрыссам да – өз қазағым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу