Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  51


Автор: Исраил Сапарбай

ШЕТТЕГI ШЕРЛI ШЕРМЕНДЕ...

Қанатым, қайран, қырқылған ба едi,
Қажытқан жанды қайғым-ай...
Алыс та жақын жұртымнан менi
Айырдың екен, қай Құдай?
Шықпайды туған шаңырақ естен,
Әкелдi мұнда қай дауыл?
Желегi жұпар жамырап өскен
Жайлауым қайда, жайлауым?
Қан мен тер исi бұрқырап тұрған
Бұлың бел қолын бұлғай ма?..
Құлындай қунап шұрқырап қырдан
Қауышар, қайран, күн қайда?
Сормаңдай ма едiм,
Сона бiр жылдан
Сорасы ағып, сор кешкен?
Тағы да кiмге боламын құрбан
Көзiмнiң алдын көрместен?
Сөнемiн дей ме,
Жанамын дей ме,
Тар жолда тайғақ тағдырым?..
Төгiп те төгiп аламын кейде
Көл-көсiр көздiң жаңбырын.
Бiр арман ылғи кеудемде жүрер:
Бар ма екен елге жетер күн?
Шеттегi шерлi шерменде бiлер
Қадірін Атамекеннiң!
...Көмкерiп көздi мөлдiр күмбезiң,
Түртедi түнде түңлiктi Ай.
Сен жаққа қанша телмiрдi көзiм,
Аңсаған ауылын мұңлықтай.
Ем бе едi жанға атырабың, шөлiң..,
Апыр-ау, неге жұрт үйiр?
Бiзге де торқа топырағың сенiң
Бұйырар ма екен бiр түйiр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу