Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  57


Автор: Исраил Сапарбай

ТОЙТОЛҒАУ

Керегесi керiлген,
Күндiк жерден көрiнген
Ақбоз үйден айналдым,
Аумаған ақ көңiлден.
Түндiгiнен себездеп
Ай сәулесi себiлген.
Салтанатым садаға
Бекзатым мен бегiмнен!
Алты қанат ақ орда
Қалған ататегiмнен.
Тексiз, бетсiз бейбақтар
Ненi ескерiп, не бiлген?..
Тарылғанда кең iргем,
Қабырғам да сөгiлген.
Талақ тастап тағдырға,
Талай таяқ жедiм мен...
Кiрпiгiме мұз қатты,
Қабағыма қан қатты..
Жайбарақат жүргенде
Жау жайлапты жан-жақты.
Дос дегенiм қас екен,
Жас баладай алдапты.
Жайын ауыз жалмауыз
Айналасын жалмапты.
Алыс-жақын маңайды
Айдаһардай арбапты.
Қанша арысым аһ ұрып,
Қаншама ана зар қақты?..
Келiншектей көңiлшек
Ел екенмiн емiншек.
Тайраңдады тасырлар,
Кердеңдедi келiмсек.
Жылан кiрдi қойынға,
Құрық түстi мойынға.
Жын-шайтанға бұйырды
Жиған-терген тойым да.
Өз дiнiмнен бездiрдi,
Өзiмшiлiн сездiрдi.
Көкiрегiмнен итердi,
Көр болсын деп көзге ұрды.
Тар заманға кез келдiм,
Танымастай өзгердiм.
Қара майдай илендiм,
Қарағайдай бездендiм.
Шыбын жанды қайғы алып,
Тiлiм қалды байланып.
Айтақырдан шыға алмай
Күнiм қалды айналып.
Көкке қанат жая алмай
Өткен екем оянбай.
Айдалаға лағып
Кеткен екем, ой, Алла-ай...
Жалған намыс, жанбағыс..,
Қайда қайрат?
Қайда күш?
Жұрттың қамы – жұтқыншақ,
Қырттың бәрi сайрағыш!
Сөйлегенде шешенбiз,
Шетiмiзден көсембiз.
Алмағайып аманбыз,
Емiс-емiс есенбiз...
Есеңгiреп ел есi,
Жол iздейдi келесi.
Қайда қаңғып кеттi екен
«Коммунизм елесi»?..
Сұңқар дедiк құзғынды,
Тұлпар дедiк бiз кiмдi?
Ердiк кiмге, апыр-ай,
Бердiк кiмге тiзгiндi?
Көңiл неге қоңылтақ?
Кешiре гөр менi, ұрпақ...
Көшiң барда – алға ұза!
Есiң барда – елiң тап!
Көрiнгенге жалынбай
Көксегенiм табылғай.
Көз алдымда көкжиек
Бұлдырайды сағымдай.
Үлгi алайын озғаннан,
Түңiлейiн тозғаннан.
Арманына жетедi
Алға қарай қозғалған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу