Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  68


Автор: Исраил Сапарбай

ДЕ – кабрист

Есiңдi жи!
Харекет қыл, қамдан да.
Табан тiре,
Тарлауытта тал қарма!
Ажал аңдып,
Өлiм иiсi аңқып тұр
Жағалаудан,
Жарлауыттан,
Жардан да...
Ерiктiсiң,
Тар жол, тайғақ кешуде
Тағдырыңның талмау тұсын таңдауға.
Алла алдында ұмытпауға тиiссiң
Адам болып келгенiңдi жалғанға.
Бiлем, бiлем,
Әзәзiл мен Әңгүдiк
Жiбермекшi сені мүлде мал қылып.
Тоғыз тұстан Тозақ оты жанса да,
Адам болып қалу керек мәңгiлiк!
Қара басып,
Қарғыс атар бiздердi
Қалар болсақ мақұлықтай мәңгiрiп!
Исатайдан қалған қайда қайрат күш?
Махамбеттен қалған қайда жаңғырық?!
Қасiреттiң кешкенiңмен қандайын,
Тасқа келiп соғылғанмен маңдайың,
Қараңғыда қалам деме қамалып,
Түнек түннен құтқаратын Шам дайын!
Жалғыздықтан жапа шеккен жандайын
Тамшы суға тәмсiл болып таңдайың,
Ел қыдырсын,
Жер сыдырсын шалғайың!..
Құл болу да,
Ұл болу да өзiңнен
Құның барда құрбандыққа бол дайын!
Алла мейiрi әрқашанда телегей,
Адым баспа мұны ескермей, елемей.
Өлiмнiң де өңi қашар өзiмшiл,
«Өлмеймiн!» деп өре тұрса өне бой!
Қайда кеткен ожар Ождан,
Ар,
Намыс?
Қайда кеткен кенен Ақыл, кемел Ой?!
Анау – Алтай,
Мынау алып аймақты
Кiм билейдi сенi менен мен емей?!
Ал өле ғой,
Ал өле ғой,
Өле ғой,
Ел алдында парызыңды өтемей,
Алла алдында қарызыңды төлемей?
Кiмге керек,
Кiмге керек ол қайғы?
Жоқ, болмайды!
Жоқ, болмайды!
Болмайды!!!
Қарақұс та қорек етпес ондайды,
Қара жер де керек етпес ондайды!
Есiңдi жи,
Қапы қалмас қамданған.
Тағдырың тұл,
Тайып кетсең тар жолдан.
Хақ алдында сенiң титтей күнәң жоқ,
Талабыңа айғақ болсын таңғы арман!
Қапы қалмас харекетiн қамданған,
Құзырына кезiгерсiң Құдайдың,
Құтыла алсаң Құзғының мен Қарғаңнан!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу