Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  41


Автор: Исраил Сапарбай

ДЕ – формация

Бәрiмiз бiр орманның өскiнi едiк,
Өрт шалды қара орманды...
Өштi желiк.
Жетпiс жыл желге ұшқандай,
Жер құшқандай
Жарамай көрмеге де ескi көлiк!
Кеше бiз адамзаттың артығы едiк,
Жаһанды жалмап жұтқан жарты бөлiп!
Өзiмiз-өзiмiзге тәнтi болып,
О, тоба!
Тәңiрдi де тәркiледiк!..
Жалғанның жатырына ұрық тастап,
Ұранын «Ұлы жұрттың» ұлып бастап.
Моланың басына да ту қададық,
«Қоғамын құдайсыздың» құрып тастап!
Санадан иман, иба сызылғалы
Ұятын бозбаланың қыз ұрлады.
Сайтанның сапалағы – Сары маса
Желкемнен күнi-түнi ызыңдады!
Сайтанның сапалағы – Сары маса,
Сiңiрдей сiрi екен-ау жаның аса!
Баланың башпайына бақ қона ма,
Ананың уызына жарымаса?..
«Қасымның қасқа жолы» құнсызданып,
Есiмдi еске алмады мұңсыз халық.
Басы емес,
Құйрығына құлақ асты
Iшiнде Аквариумның тiлсiз балық...
Айналып сорымызға сол Тiл әлi,
Көз жасын тостағанға толтырады.
Алдында, адым басса, бұл қазақтың
Соқпақсыз, соқтықпалы жол тұрады!..
Тасбауыр,
Тап болғалы тас қамалға
Айналып шыға келдiм басқа адамға:
Бiреу жүр тиын iздеп бас жазарға,
Бiреу жүр түйiр iздеп асқазанға...
Саралап,
Салмай жатып араға күн
Сарыуыз ұялады санаға мұң.
Орманға озан салып ұлып алам,
Сағынсам сары орыстың қара нанын...
Ер едiм,
Ерен едiм,
Ерекше едiм...
Жемiне айналдым ба желөкшенiң:
Көрiнген теспей, кеспей сорып жатыр
Қалдырмай қан-жынын да Өлексенiң!
...Қу сүйек қу далада ырсияды,
Қу Түлкi құба жонда жымсияды.
Тағдырдың таңдайына кiм татиды?
Жазмыштың маңдайына кiм сияды!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу