Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  65


Автор: Исраил Сапарбай

ЖЫНОЙНАҚ

Қаракөзайым қалқаға
Кетсе де толып төңiрек,
Қалқаға емес, алқаға
Түседi көзiм көбiрек.
Шер кеудем –
Менiң шермендем,
Дәстүрiң қайда бұлжымас?
Қос анар төсiн кергенмен,
Қос бұрым жұрдай, жым жылас!
Жұлдыз бен қыздың Үркерi
Ғайыпқа ұшып арманда..,
Қаптап жүр кiлең жын-перi
Жынойнақ пенен барларда.
Темекi табы ернiнде,
Арақпен қаны уланған
Кермиық қызды көрдiм де,
Көңiлiм қалды думаннан.
Алдымнан шығар қаншама
Алдамшы өмiр шырғалаң?..
Қаншық па?
Әлде, ханша ма
Арулар...тәнiн бұлдаған?!
Шерменде ме едiм шер iшкен,
Есiл де дертi – сымбат, сән?..
Көктегi ғазиз Перiштем,
Тiл қатсаң еттi, тiл қатсаң?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу