Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  56


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАРАҒЫМ-АЙ...

Жан-жүрегiм сыздайды жаралыдай,
Қас-қабағым мұздайды қаралыдай.
Қаңғып келген қайдағы келiмсекпен
Қайда кетiп барасың, қарағым-ай?
Сары алтындай сандықта сақтағаным,
Бiлсең еттi мәнiсiн ақ-қараның?!
Баба салтын осы ма ұстағаның?
Ана сүтiн осы ма ақтағаның?
Сайын далаң,
Қалдырып сахараңды
Қаладың ба шынымен жат адамды?
Қалай қиып кетесiң қандасыңды?
Қалай қиып кетесiң ата-анаңды?
Көрiнгеннiң көндiксең жетегiне,
Көбеймей ме көз сүзген етегiңе?..
Туған жерге туажат болмаса егер,
Елiн тастап естi қыз кетедi ме?!
Кiм қызықпас қазақтың тау-тасына?
Кiм қызықпас қазақтың қалқасына?
Айналдырған басыңды сол неменiң
Алқасы ма?
Жоқ, әлде, қалтасы ма?
Жаутаң қағып соңыңнан бала кезiң,
Жаспен жуып қалмай ма ана көзiн?
Қаңғып жүрген қайдағы келiмсекпен
Қайда безiп барасың, қаракөзiм?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу