Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  56


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЗЕКЕМ

Ашынып аз қарғайын, көп қарғайын,
Тартасың, тағдыр, менi көкпардайын.
Алдыма ендi алаңдай бергенiмде,
Соғатын ту сыртымнан шоқпар дайын.
Сөйлесең, сен – дiлмарсың,
Сен – данасың,
Сөз емес, iс бермей ме ел бағасын?
Қашанғы өздi-өзiңе өктемсiнiп,
Қашанғы жау мен жатқа жем боласың?
Қашанғы өздi-өзiңнен өш аласың?
Қазекем, ойладың ба осы арасын?
Ақын мен Атымтайға төрiн берiп,
Ақылды ел әз тұтпай ма босағасын?!
Өзiңе мен сенемiн,
Мен сенбеймiн...
Құлашты ендi қашан кең сермеймiн?
Жұмбағы шешiлмеген көп жұртқа әлi
Қындағы қылпуы кем семсердеймiн!..
Өзiңе мен сенбеймiн,
Мен сенемiн.
Сенген соң бел буам да белсенемiн!
Қастанып,
Пышағыңа қан ұйытпай,
Дос болып құшағыма енсең едiң?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу