Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  57


Автор: Кәрім Жұмағалиев

НӘСІР ӘБЛӘЗҰЛЫНА

Нәсір досым, негізі Ақсүйек – Қожадан,
Үлкенге - іні, кішіге – аға бола алған.
Ақжарқын-адал, қасымда жүрген досымды,
Араша болып ала алмай қалдым ажалдан.
Дос еді Нәкең, жарқылдап, жайнап жүретін,
Сезімтал еді, достардың қадырын білетін.
Қабағын шытпай, күлімдеп жанға нұр сеуіп,
Шын көңілімен өмірді ыстық сүйетін.
Балауса кезде, Отанын қорғап қан төккен,
Соғыстан кейін, жұлдыздай болып жарқ еткен.
Кейінгі Ұрпақ, жауқазын жастарды оқытып,
Өмірінің бәрін, қажымай соған сарп еткен.
ЦК-да жұмыс істеді сонау жылдары,
Айта берсең оның да көп қой сырлары.
Аупарткомменен, Ауаткомдарды оқытып,
Дәріс те алды қазақтың Ұлы мен Қыздары.
Өмірде таза, біреуді сырттан даттамай,
Жайраңдап жүріп көңілге кір сақтамай.
Өмірден өтті ақжарқын көңіл-пейілмен,
Біреудің арын аяққа басып таптамай.
Қиындық егер, кездесе қалса көнбеді,
Жігерін қайрап, өмірде алға өрледі.
Полковник-Нәкең,
Панфиловшылар қоғамын басқарды,
Осының бәрі, ерінбей еткен еңбегі.
Өмірде оның дұшпаны сірә болмаған,
Бір адам жоқ, ғайбаттап оны корлаған.
Бір жұмысты бастаса алып қолына,
Соңына дейін бітірмей сірә қоймаған.
Ағалап Сізді, ерекше өте сыйлаушем,
Інім-деп мені баурыңа тартып қимаушы ең.
Есімде әлі Атакент бағын аралап,
Өлеңді айтып, тербеніп келіп жырлаушы ең.
Сырласып маған айтушы едің ойыңды,
Жоспарлап алда Сексенге келер тойыңды.
Жетпіс тоғыз жасыңа келген шағыңда,
Арманың, тойың, ажалмен бірге жойылды.
Мәйітіңді жудым суменен құйып тазалап,
Хош айтып сізді шығарып салдым арулап.
Бұл өмірде кемде-кем, мүмкін бар шығар,
Бір туар сіздей халқын сүйген азамат.
Жылыңа келдім, өлеңімді арнап, ескеріп,
Жанұяң, Балаң, Қыздарың жатыр Ас беріп.
Дос-Аға болған өзіңді кейде еске алсам,
Еріксіз көзді, тия алмай қалам жас келіп.
Жүремін жалғыз, Атакент бағын аралап,
Өзіңмен бірге, жерлерді жүрген, жағалап.
Келе жатқандай, боласың еріп соңымнан,
Таба алмай қалам, іздесем артқа жалт қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу