Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  95


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Тойдағы сезім

Той қызығы толар ма топ жалдаумен,
Тозып кетер қолында жоқ жан-дәрмен!
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Әркім Абай көксеген Тоғжан дәурен!
Той қызығы – тоқталмас аян дүбір,
Күреске түс, көкпар тарт, жаяу жүгір.
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Қозы көксеп жетпеген Баян ғұмыр.
Той қызығы – толассыз жүдетпейді ән,
Махаббат-жыр көтерген жүрек – майдан.
Сезімге бай, ақылға кемел болсын
Ер Төлеген аңсаған Жібек мейрам.
Той қызығы – айтыс қой құдашамен,
Айтыс үсті өзгеше сыр, аш, әлем!
Аспанымда шырқай бер, шарықтай бер,
Бүкіл қазақ аңсаған Күләш әуен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу