Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  141


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қош, ескі жыл!

Сағат тілі он екіде айқасардай,
Сәт болар ма бір жылсыз қайта сондай?!
Кеп қалды деп Жаңа жыл, сабыр сақтап,
Шыдап тұрмын, кенеттен айта салмай.
Мұрша бермей аялдап ойлануға,
Мәжбүр болдық уақыттың ойнауына.
Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр –
Барады өтіп тарихтың қойнауына.
Емес мезгіл ешкімнің жұрағаты,
Шежіреде сақталар ұран аты.
Екі мың жыл, ескі жыл, ескі ғасыр –
Енді көне тарихтың мұрағаты.
Жазбалардан іздерміз өшпегенді,
Компьютерден табармыз көшкен елді.
Жаратылдым ауаңда тозаңың боп,
Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді!
Қолданардай компьютер соңғы амалды,
Тұрар ма екен жарқырап сәуле мәңгі?!
Жиырмасыншы ғасырым, қош бол енді –
Махаббатым, жастық шақ сенде қалды.
Қош, қош, енді, дөңгелек Екі мың жыл!
Құйрығың – жел, жалың – ән, кекілің – жыр.
Туған буын ең соңғы жиырма-отыз жыл
Тұтқасында заманның жетіліп жүр.
Сағат тілі айқасып, таяқтасты,
Уақытқа бағынбай саяқ қашты.
Қош, Екі мың – ескі жыл, ескі ғасыр,
Жаңа ғасыр төріме аяқ басты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу