Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  84


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Сезімі махаббаттың

1
Сезімі махаббаттың шыны мөлдір,
Сусының қанбайтындай сыры мол бір.
Кәрінің аңызы едің түгесілмес,
Жастардың сүйіп айтар жыры болғыр.
Махаббат тау шыңындай өрмелетер,
Түсінер екеуара жөнге жетер.
Отауды айдалаға құрып қойып
Сырласу үшін сонау көлге кетер.
Сезімнің адалдығын, тазалығын
Жеткізіп айта алмасам, жазалымын.
Нұры бар таңның таза бой сергітер
Ішінде асау толқын азабының.
Махаббат өртенгендей жалын болып,
Жүректің тілгілейді бәрін бөліп.
Жолында осы дерттің өтеді екен
Жазылған маңдайыңа жарым жорық.


2
Көнетін бар азапқа төзімді ме ем,
Мен тыныс арасында көз ілдірем.
Басымнан жатсам-тұрмай ой кетпейді:
“Махаббат, нашар білем өзіңді мен”.
Баруды әртүрлі ойға жиілетем,
Болған ба махаббаттың күйі бекем?!
Әр қилы емтиханнан өтіп едім,
Өмірге сын тапсыру қиын екен.


3
Махаббат – екі жастың ортақ ісі,
Көргеннен құмар болар жол танысы.
Жүрмейді оған енді пара дейтін,
Ешкімнің ем болмайды мол табысы.
Кіріспе, сөзің артық, ісің шығын,
Жөні жоқ қыстырылар үшіншінің.
Түседі екі араға есі кеткен,
Әдептің әуел баста түсін сырын.
Махаббат – екі жастың сиқыр әні,
Ешқашан үзілмейтін күй тұрағы.
Аз күндік қызық бәрін ұмыттырған,
Боламыз Жер бетінен типыл әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу