Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  93


Автор: Гүлжаһан Қыдырмоллақызы

Сайрам суреті

Ұқсап бейне айсұлуға ақ маңдай,
Қараған жан тақ-тақ таңдай қаққандай.
Сұлу сайрам айдыныңдай шалқыған,
Көлдей сезім толқып, тасып жатқандай.
Ай сұлудың алдында таң атқандай,
Таң дегенің тіршілікке бақ қандай.
Көл дегенді мөлдір ғана су деме,
Бұлақ біткен бал шырын боп аққандай.
Көл дегенде махаббат бар сап қандай,
Пәк сұлулық орын тауып жатқандай.
Мынау бейбіт тірлігінде адамдар,
Өмірдегі бар ләззәтті татқандай.
Көлдей толқып барша әлемге мақтанбай,
Тұра алмаспын, шын бақытқа батқандай.
Көкірегіме орнатқандай шалқимын,
Сайрам, сені алтын орден таққандай.


Түнің қандай айға қабақ қаққандай,
Күнің қандай сезім отын жаққандай.
Көк күмбезін көкірегіңе төңкердің,
Тіршілікте бұдан артық бақ қандай?
Бал қарағай жамырай кеп жатқандай,
Еміренсең жатпассың сыр ақтармай.
Сезім де бір Сайрам екен толқыған,
Кеудемде тұр сыбырлап тіл қатқандай.
Жағаң анау жасыл кілем жапқандай,
Ойхой, қызық осы мынау шақ қандай.
Бұлт бүркенген сезім біткен сел болып,
Ағытылса ед бата берген қарттардай.
Қыста келсем кетер едім бапталмай,
Сағынышым шөліркеп бір қайтқандай.
Жазда келдім мөлдіреген су болып,
Толқыныңмен бір мамырлап жатқандай.
Толқының бар сырлы сурет тартқандай,
Берші міндет қызыңа жүк артқандай.
Алтын басым азаматпен тең менің,
Қалғаным жоқ міндетіңді атқармай.
Жағаңа кеп толқып тұрмын сәт талғай,
Жусын толқын кеудемде еш дат қалмай.
Саған неге оқымайын жақсы өлең,
Қызың емен алдыңда аруақ аттардай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу