Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  79


Автор: Ермұрат Зейіпхан

АНАДАН АЙРЫЛҒАНДА

Көңіл күйрек, көкірек кеміп бұл күн,
Жас қабырға жас төге келіп тұрмын.
Кеткенін көміп кімді көміп кімнің,
Білемін, басқа салды, көніп тұрмын.
Бір түйірі қара жер тас бауырдың,
Анам енді иесі жас қабірдің.
Тоңып тұрмын. Тоңбасам Ана екен ғой
Мейірімің, себі жоқ басқа нұрдың.
Бола алмадым қасыңда, бола алмадым,
Бір шымшым топырақ та сала алмадым.
Біліп тұрмын өзіңмен өшті-ау бірге,
Сәбилігім, сары уыз бала арманым.
Әке жаны шер-зарлы, отыр әні,
Күңіренген бір аят оқылады.
Тәу еткен жасты жүзге таңбадай боп,
Жабысты жас қабірдің топырағы.
Берік бол дейді әлде кім, жұбатады,
Қайғы жеңді көңілді бұза тағы.
Даң тірліктің думаны, тәтті сөздің,
Бір анадай болмауы жылатады.
Жазмыш саған не шара, қас-қағымда,
Жасытасың биігін, асқағын да.
Арманым жоқ деуші еді-ау, арманы көп,
Жан Анамды қалдырдым жас қабырға.
Маңым үнсіз, кім мені ұғынады,
Әке барад алдымда құрып әлі.
Жас балауса жалғанға құнығады,
Суынады, қарт емен жығылады..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу