Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  72


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Құм сағыныш

Сүйретіліп етегі жаңбырыңның,
Босатар ма көніңнің тандырын бір.
Кеудемдегі ашылмас сандығымның,
Құпия бір кілті ме ең тағдырымның?
Ұшығына жете алмай ағыныңның,
Беймезгіл шойырылған кәрі жыңғыл.
О, құм дала селтиген сексеуілің,
Сұлбасы-ау сағымданған сарығымның.
Бір жалыңнан шығамын бір жалыңа,
Табаны тесілгенде шарығымның.
Кендірі кесілгенде зарығымның.
Тағдыры тақылеттес көкжалдармен,
Тандыр емшегіңді иіткен тағы ұлыңмын.
Жосыған керқұландар түйреп өтер,
Көкжиек пен даланың жабығын кіл.
Сиыр таңдай құмыңның кедіргегін,
Екпеттей қап келеді жегім менің.
Бір көрсем ақмаңдай құм керілгенін,
Өкінбен қанбаса да шөлім менің.
Сексеуіл батырады белуарын,
Ежелдің елестетіп керуенін.
Сұлбасын сағым созып сары қурайдың.
Көкседім көкжиектен көрінгенін.


Төніп келіп тамбайды тасбауыр бұлт,
Тата құмның тамсантып еріндерін.
Мәңгіліктің шөлінде самғап барам,
Ақ жалаудай дүркіреп кебінді өлім....



мамыр 2009ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу