Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  80


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ГАУҺАР ҚЫЗ, СЫҢҒЫР-СЫҢҒЫР КҮЛЕМІСІҢ!

Гауһар қыз!
Сыңғыр-сыңғыр күлемісің!
Мен сені сүйгенімді білемісің?..
Тамам жұлдыз ішінде –
Таң шолпаны,
Тамсантып жердің жүзін жүземісің!
Қалқам-ай!
Жолықсаңшы сәл ертерек...
Жанғанда жанарымда жай еркелеп.
Қара орманым...
Үйренген өртенуге,
Аямасаң ,ару қыз!
Тағы өртеп өт!
Тұңғиыққа төккенде жалбыз гүлін,
Қоймай іздеп тапқанда жалғыздығым.
Томаға бұлт тауыма түнегенде,
Жарқ етпей қайда жүрдің,
Жалғыз, Күнім!
Жатқанда дерт меңдетіп төсегімде,
Сен емес,
Ажал төнді: «Дос едім!», – деп.
Жанымнан жаны шошып,
Жарым безді...
«Өлі ақынды күзетіп не етемін!», –деп.
Өңім бе еді,
Сол әлде,
Түсім бе еді?..
Қия алмай ұшып жүрді құсым мені!
Қашан қайта келерін кім біледі?..
Ажалым да аяды,
Мүсіркеді...
Гауһар қыз!
Сыңғыр-сыңғыр күлемісің?
Мен сені –
Сүйгенімді білемісің?
Махаббат – бейіш емес,
Тозақ болса,
Тайсалмай қол ұстасып,
Кіремісің!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу