Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  74


Автор: Зейнолла Тілеужанұлы

ШОПАН ЖАЙЛЫ ТОЛҒАУ

(Социалистік еңбек ері –Сайлаубек Таушаевқа арнаймын)
Ақойдың ай тақыры керіледі,
Көгінде шұбап құстың керуені.
Орылған ақ бидайдың аңызында,
Андыздап ақтылы қой көрінеді.
Сағыммен ереуілдеп арғымағы,
Жүзгендей толқынында «Қарғыбаның»
Шопан жүр қой шетінде қиыр шолып,
Қонғандай елсіз қырға тау қыраны.
Сайлаубек расында тау қыраны!
Қайраты бұл шағында тау жығады.
Алдында қойы күйлі, қоныс жылы,
Несіне келер қыстан қаймығады!
Есінде бала болып ойнағаны,
Тарбығатай жайлауын жайлағаны.
Түн болса,
Қора айналып абалайтын,
Қой соңынан қалмайтын Майлыаяғы!
Қартайды шопан әке...
Сыр аңғартты.
Қыс түсті,
Таудың басын қырау жапты.
Атаның арқасында ауыр жүкті,
Аунатып дәл сол жылы бұған да артты.
Бұлыттай өтті ойнақтап бала күні,
Төгілді талай-талай дала гүлі.
Тізгінін қаңтармайтын тұлпар уақыт,
Ол сенің біле бермес аялыңды.
Топ жарды, талай рет орден алды,
Атағы елден асып,
Мәскеу барды.
Көтерді төбесне туған Отан,
Еңбекпен қанат қаққан дауылпазды.
Қалбаңдап қырдан қаңбақ қуып кейде,
Күз бұлты –
Томсарады суық желге...
Қорқа ма келер қыстан батыр шопан!
Самғайды ол биіктерден-биіктерге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу