Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  64


Автор: Әуезхан Қодар

Асқарға мінәжәт

Қара жамылып, азалап өттің ұлтыңды,
Бақытты да болғың, тіпте, келмеді.
Сіз кеткең соң, ой да тыңды, жыр тыңды.
Жазуы жұрттың сағым ба, әлде, жел ме еді?
Үш-төрт-ақ кітап бар бізге қалған мұраңыз,
Том-томдап жазды қатарлас Сіздің құрбыңыз.
Анекдот қылып сүйкеніп Сізге жүр аңыз,
Түсімде менің жақтырмай бізді тұрдыңыз.
Қиқымдар өңкей қиқуды салып дүр болды,
Жырда да, сырда ырылға толы бәсеке.
Содан ба, қайдам, біз келдік Сізге құр қолды,
Асқарсыз қазақ тұл жетім екен, Асеке...
Асқарсыз қазақ асқарлы болмас қашаңда,
Ешкім жоқ бүгін дәріптер өнер мұратын.
Алшаңда, қазақ, мал болу оңай, алшаңда,
Моцарт пен Бахты ешкім жоқ іздер сұратып.
Музыка тыңдап, булыққан мұңға Ас-ағам,
Зердені сонда тек Сізге ғана берген бе?
Жасаған жоқ қой, егер де болса Жасаған,
Атылар еді тірідей Сізді кергендер.
Хайуанға біткен бекзаттық таппай құрбыдан,
Адамнан бетер өттіңіз сыйлап жылқыны.
Жалмады Сізді ұсқыңсыз орта, сұр жылаң,
Енді мен кеттім орамда суық бұлқынып.
Енді мен кеттім, менімен бірге Өтекең,
Әлия... Дидар... жұлдызы бітсе, түн түн бе?!
Көне түркіше уақыт деген «өт» екен,
Уланса өтің мәдениет жасау мүмкін бе?
Бір түйір жылы лебізін қимас жайсаңдар,
Қушыкеш іні арамза шалды пір тұтқан.
Тақтада мұндай қандай фигура жайсаң да,
Шешеді бәрін шахматтан тыста-ау бір тұтқа.
Хош сау бол, аға. Рәсімді мен де бұзбайын.
Ой бастар емес, той бастар қымбат қазаққа.
Жеті қат көктен қолдасаң бізді, біз дайын
Шыдауға әлі қалжыңы шексіз азапқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу