Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  200


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ШЫҒАДЫ АСЫЛ – ТАСТАН, ӨНЕР – ЖАСТАН

Шығады асыл – тастан, өнер – жастан,
Тәрбиең тәуір болса әуел бастан.
Мисалы ғылым таппақ сол секілді,
Бұлақтың бітіп жатқан көзін ашқан.
Жігітке талаптанған сол мысалды,
Пайдасын ғылымның жұртқа шашқан.
Жаны ашып, нашарларға қызмет етіп,
Салса егер түзу жолға болса азысқан.
Халық үшін жанын қиып шыққан болса,
Қайырлы әр қадамы болсын басқан.
Көрсетіп тар орында таудай талап,
Құтқарса мұқтажылықтан болса сасқан.
Қазақ қор болар ма еді көп болса егер,
Шаһбазлар осы айтқандай өнері асқан,
Немене бұл күнгі күн ойлап көрсек.
Жақсылар өз пайдасын құр қарасқан.
Азырақ дәулет біткен кісі болса,
Сен кедей, мен баймын деп мал санасқан.
Болмаса бірлі жарым талапкерлер,
Бозбала өнерпазбен жоқ санасқан.
Ұммәтсіз байларымыз бәрі надан,
Қайыр-иқсан ағанаттан аулақ қашқан.
Анау артық, мен кейін қалам ба деп,
Өздері жұсұстықпен құр таласқан.
Молдалар пайдалы іске уағыздамай,
Таласып ұсақ сөзбен бақ таласқан.
Құзғындай қызыл көрген барар жетіп,
Кісі көрсе биекем бір дауласқан.
Үйінде ғаділдігі ұмыт қалып,
Биекем келуші ме пара алмастан.
Уаллаһи көзім көрді мұның бәрін,
Наныңыз жалған демей шын-растан.
Жұманұлы Әбілда (1910)
25.07.1936 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу