Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  82


Автор: Дихан Қамзабекұлы

БОЗБАЛАЛАРҒА

Қайтер еді, жігіттер,
Тым қымбатты кимесек,
Мақтан үшін борышты,
Үсті-үстіне үймесек.
Қаладағы байлардың,
Айтқанына билесек,
Ақырында қайтеміз,
Банкрот болып күйресек.
Елтірі мен теріні,
Жақсы қылып илесек,
Әрі жылы, әрі берік,
Жыртылмайды сүйресек.
Керім-кербез кей жігіт,
Жек көреді-ау бүй десек.
Боламыз ба жазалы,
Шаруаңды сүй десек..
Әмірханнан мәсі, етік,
Қарыз болып шықты ма?
Аяғыңды зорлықпен,
Біреу оған тықты ма?
Өңі жылтыр демесең,
Опайкеден мықты ма?
Кисің жақсы екен деп,
Ешкім сенен ықты ма?
Орынсыз шашқан тиының,
Абыройыңды жапты ма?
Ұрсыңқырап айттым-ау,
Ерегеспей ұқты ма,
Үш теңгелік сокунадан
Мәлескін берік емес пе?
Сыпайы пішіп жөн тіксек,
Құба төбел емес пе?
Шайды азайтып сүт ішсек,
Жолатпай ма кеңеске.
Бал қоймай-ақ, май қойсақ,
Қонған қонақ жемес пе?
Мұнша неге құмармыз,
Түбі пайда емеске.
Күміс тұрман тағынып,
Мен қалаймын деп еспе.
Мақтан түбі бір борыш,
Рас сөзге егес пе.
Шалқи бермей, шамалан,
Шаруа кетті-ау келмеске.
Недеген мал шыдайды,
Бұл кию мен бұл жеске.
Өкінерсің, көрерсің,
Не тәңертең, не кешке.
Сеңсең тымақ сырты бай,
Мойнымда бар ақ шарфы,
Қымбат ішік, қыл шапан,
Папироз қарыным баптанып,
Резинкеден калошым,
Аяғыма шақталып,
Күміс баулы сағатым,
Қойнымда жүр сақталып,
Ер-тұрманым жарқырап,
Күміс жапқан қақталып.
Қуанып өле жаздаймын,
Киіміме мақтанып.
Нәрсе апардым әркімге,
Күні бұрын сақтанып.
Осы бір күн кетеді-ау,
Ішек-қарнымды ақтарып.
Кел арзандау киейік,
Кербездікті түр қылмай.
Өкінер кез болды ғой,
Орынсызды құр қылмай.
Мақтан үшін әр кімге,
Өзімізді жыр қылмай.
Бояу мақтан бола ма,
Ішімізді нұр қылмай.
Жалтырауық жағынып,
Қылтиғанды қыр қылмай,
Сабын алып онанда,
Үстімізді кір қылмай.
Мақтан қылған елірме,
Шаруаны жүр қылмай.
Не себепті бұл қазақ,
Баяғы істі жүр қылмай.
Өткеніме дүниеден,
Жөнді жұмыс бір қылмай.
Құдайбердіұлы Шәкерімнен
20.06.1932 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу