Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  95


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АҚСАЙ – АСҚАҚ АРМАНЫМ

Сайын далам айтасың- ау, мың дерек,
Сенің даңқың жер шарында тұр бөлек.
Алтай, Тянь-Шань, Гималайға жалғасқан...
Баба жолын қуып келем жүлгелеп.
Шөлге шуақ төгейінші, деп, келдім,
Көлге қуат берейінші, деп, келдім.
«Әттең, шіркін» армандардың мәйегін,
Ақсай, сенен көрейінші, деп, келдім!
Бақыт құсы ұшқан елде бар ма сын?!
Қанды көлге тоғытылды мал-басың.
Қанамбардан, Қолымтыдан, Хайыздан,
Көрейінші шерлі күннің таңбасын.
Тайталасып жат пиғыл мен дос елші,
Көп тарих көз алдыма төселші.
Ойпатында Жоңғар, Тарым, Сайдамның,
Қанша қазақ қырылды екен, десеңші!?
Еске сақтап кемеңгерлер кеңесін,
Іздеп келем ежелгінің елесін.
Сонау Тибет үстіртінен таптым- ау,
Бассыз қалған Бөке батыр денесін.
Өмір- сапар, неткен азап жол еді,
Өлмегендер көресіні көреді.
Елісқандар, Адубайлар, Зайыптар,
Еріккеннен босқын болған жоқ еді.
Қасқырларға көрсеткен жоқ қой күшін,
Бұл сұраққа жауап таппас кей кісің.
Салақиттан, Кәбен, Қасым, Құсайын,
Ма бу фаңды аңсап кетті деймісің!?
Қанды көштің қасіреті неткен көп?
Ар-намысың тұрды саған өткел боп.
Мүлік батыр, Мейірімқан, Тұңғышбай,
Сары жонға сауық құрып кеткен жоқ.
Қандасына жасап қанды жорықты,
Абай, Әбеу елге апат болыпты.
Билік үшін туған жұртын қырғындап,
Қалың елдің қарғысына жолықты.
Ұрпақ үшін баба жүрген жол қымбат,
Зар заманның ескерткіші болдың нақ.
Қоштастың-ау, ата жұртпен ауған ел,
Ең соңғы рет Гималайдан қол бұлғап.
Бейуаз жұртқа орнаған жоқ жұт мәңгі,
Көк аспаннан кәусар болып сүт тамды.
Ли шәнниян, Шүй шаңчиан мен Чын юндер,
Осы елді қан қасаптан құтқарды.
Сонау жылдар еңіреген ел едің,
Бүгін міне, терезеңді теңедің.
Ақсай, сенің бақыт тұнған далаңнан,
Ши жұңшүннің қолтаңбасын көремін.
Ақсай, менің арманымсың, даңқымсың,
Шабытымның шағаласы шарқ ұрсын.
«Ауған ел» айтпау керек сені ешкім,
Ағып келіп тоқтап қалған алтынсың.
Болашаққа теңелгенде бой бүгін,
Ақсай, саған жаудырайын ой нұрын.
Құтты болсын алпыс жылдық мерекең,
Алып келген осы толғау тойлығым!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу