Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  477


Автор: Жанат Әскербекқызы

Желтоқсан...

Азаттық деген оңай ма,
Оңай боп келмес орайға.
Бүлк ете қалған бұл жүрек –
Желтоқсан деген сол айда...
Жедінің айы – желді ай-ды,
Желіне тұнған шер-қайғы.
Айтады сарын сан рет
Ел жайлы, сосын мен жайлы.
Жабырқап қалдық... солай ма?!
Үмітті күдік тонай ма...
Армандамасақ азаттық
Ауылға біздің жолай ма.
Азаттық еді – бір ғаріп,
Азапты зарын тыңдадық,
Бұлықсып тұрған кеудеден
Бір күні шықты бүр жарып.
Бұлқынып шығып тұманнан,
Бағым боп қонды бұла арман.
Бусанып қалды маң дала,
Мұң-шерін бойдан шығарған.
Бұлқынар бойда бұла күш,
Тілегін қосқан мың арыс.
Үміттің бағы жарқ етті –
Күдігім қашты тым алыс...
Жедінің айы – желді айым,
Жыр толғар болсаң – мен дайын.
Айтайық енді аңыз ғып,
Тәуелсіз болған ел жайын...
Азаттық деген оңай ма,
Құт болып келді қолайға.
Тәу етем азаттығым деп,
Желтоқсан деген сол айға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу