Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  170


Автор: Жанат Әскербекқызы

Адай сүйінқара батырдың соңғы сөзі

Қайғысын жұтып қазақтың -
Қарайды шерден жүрегім.
Алашқа сұрап азат күн
Алысқан ердің бірі едім.
Он екі ата Байұлы –
Серкесі – Адай – біз едік.
Асқақтық қана айыбы –
Еркесі – Адай – біз едік.
Хиуа жақтан қиқулап,
Аллақұл алды мазамды.
Қоқаңдап, Қоқан ұйқымды ап,
Жұртыма салды назарды.
Жұмысым қанша ед бүлікпен,
Азаттық еді керегі.
Айтақпен шауып түрікмен,
Ауылымды шуға бөледі.
Төрт тарап түгел дұшпан боп,
Орыс та маған өшікті.
Шапағат осы тұстан деп,
Тіледім көктен нәсіпті.
Бұғалық кимей бұлқындым,
Оғына тосып кеудемді.
Жұртымды бермей жұлқындым,
Намыс боп жебеп ерлерді.
Адайдың туын көтеріп,
Ұранын салдым Алаштың.
Көкіректен намыс-от өріп,
Түн қата жүріп, таң астым.


Бодандыққа бермей жұртымды
Ерегескенмен егестім,
Жағам да талай жыртылды -
Жасыған оған емеспін.
Дүние-ғапыл, өттің-ау,
Арпалыспенен, дүбірмен.
Кіреуке-қабақ көп мынау -
Ертеңгі күннен түңілген.
Түңілте көрме, Тағалам,
Бодан боп жұртым қалмасын!
Алмасын дұшпан жағадан
Етектен бөрі шалмасын!
Бақиға бұрдым жүзімді –
Жалғаннан мынау азатпын!
Оғландар бассын ізімді
Намысын сұрар қазақтың!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу