Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  162


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖЫЛЫМ ЖЫЛҚЫ – ЖЫРЫМ ЖЫЛҚЫ

Жазайыншы жел қанат жылқыларымды,
Бұғау түссе білемін бұлқынарыңды.
Күзетем деп үріккіш үйірлеріңді,
Көзден ұйқы, көңілден күлкім арылды.
Сетерленіп кермеде дара тұрдың ба?
Шідеріңмен жайылып таң атырдың ба.
Арғы асыл тегіңнен азып кеткен соң,
Мына бізге көлік боп жаратылдың ба?
Жүйріктермен көп бұздым қамалдарымды,
Жорғалармен жосылттым бар арманымды.
Барлық жылқы сетер деп аяламаймын,
Қойға міндім қамшылап шабандарыңды.
Қасиетіңе тағы да қосам мініңді,
Ноқталаудан білмейсің босар күніңді.
Саған деген іңкәрлік орталанады,
Көргенімде мынадай осалдығыңды:
Жанарыңды бейғамдық мұнарлатқан ба?
Жыртқыштарды көрмедің сынап жатқанда.
Еркелеп жүр деп ойлап жақындай бердің,
Аш бөрілер құйрығын бұлаңдатқанда.
Еркелеудің білмедің жалған екенін,
Бір қатердің сезбедің жанға жетерін.
Шойын балға тұяқпен теппегеніңді,
Бармағымды тістеп мен арман етемін.
Уақыт, заман өзгертіп нәсілдеріңді,
Сенің сергек қимылың асыл көрінді.
Жуасытып мінуге барлық жылқыны,
Екі түрлі істеттім тәсілдерімді.
Бірі – сипап жаныңа бардым ерікті,
Қымсынбасаң жуассың, әңгіме бітті.
Бірі – шадыр мінезге шұрай саламын,
Ауызынан ағызып қанды көбікті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу