Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  220


Автор: Жанат Әскербекқызы

Алты Алаштың ұлынан...

Алты Алаштың ұлынан
Жау алмақ боп қырқысқан,
Жат көздердің сұғынан
Жараланды Түркістан...
Тебінгіге тер қатып,
Қанжығаға қан қатып,
Кетті алдаман.. шер батып,
Қара жолды шаңдатып.
Күннің көзін бұлт алды,-
Ұран салды хан Шығай
Басылмастай бұрқанды
Жау кеудесін жаншымай.
Қан аңсаған жандардың
Жерге қаны сіңер деп,
Жерге көзін салғанның
Көрге басы кірер деп.
Ұрандады аламан –
Дұшпан демі тарылды.
Жан сыздатқан жарадан
Қанмен емдеп арылды.
Қанкешті ұрыс дұшпанның
Қабырғасын сөккен-ді.
Сарттың бағы ұшқан күн –
Қазақ қолы өктем-ді.
Күні менен түн бойы
Жусан қанға боялды.
Ұйқысынан Сыр бойы
Үрейленіп оянды.
Кескілескен қан майдан,
Жанын беріп, жан алған.
Қазақ қолы салды ойран
Қайсарлықтан жаралған.


Қол бастады таң ісін,
Жанкешті айқас қырқысын,
Хақ-Назардай хан үшін,
Алты Алаштай жұрт үшін.
Алаш кеуде керген күн,
Елдігіне сенген күн.
Садағасы болды жұрт
Елім деген ерлердің.
Жадтан, сірә, өшер ме,
Жау жігерін көмген күн.
Тәуекелдің*
қолынан
Баба Сұлтан өлген күн !!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу