Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  122


Автор: Жанат Әскербекқызы

Күлтегіннің қаһары

Он жаста,
Ұмай текті шешемнің бағына
Інім Күлтегін ер атанды...
Күлтегін (Үлкен жазу)
Алып шалшы* ақ ат міндім,
Көк сүңгіні жарақ қылдым.
Он жасымда толғаныспен,
Ұлы ерлікке талап қылдым.
Бір жорықта боз ат* міндім,
Жауға жерді тозақ қылдым.
Қас дұшпанның қанын төгіп,
Түркі жұртын азат қылдым.
Азман аққа* ер салғанмын,
Алдаспанға қол салғанмын,
Өткел бермес өзен кешіп,


Қалың қолға жол салғанмын.
Аз қарагер* мінген едім,
Тұншыққан-ды күндеген үн,
Түн қатумен түсім қашып,
Таудың төсін тілген едім.
Ақ айғырға* мініп шаптым,
Жау етегін түріп шаптым.
“Көкбөрілеп” ұран тастап,
Көкбөрідей ұлып шаптым.
Бек ұлдарды құл қылмадым,
Пәк қыздарды күң қылмадым,
Бодандықты басқа тептім,
Азаттықтың білдім мәнін.
Ілгеріде – Шаңтұң еді,
Ерлік – менің салтым еді,
“Аруақ” деп атқа қонсам,
Дем беретін халқым еді.
Жігерімді жаншымақ кім,
Ащы терім тамшылаттым,
Қас дұшпаным қаһар қылса
Қағанатын қансыраттым.
Көтердік-ау көпке еңсені
Ерлік болып кекке өлшемі,
Өзім едім жауға сермер
Көктүркінің көк семсері.
Өтүкенді ел тұттырдым,
Кек жібермес серт ұқтырдым,
Қылыш қыннан суырылса,
Қаһарыммен серпіп тұрдым.
Түргештерге қырғын салдым,
Оғыздарға сүргін салдым,
Түркілерге қалқан болсам,
Дұшпаныма – қыл-құрсаумын.
Кек қылышын қанға малып,
Өттім талай таңнан ағып,


Қалды даңқым шежіре боп,
Мәңгі тасқа таңбаланып.
Жүзін жырмен жусын далам,
Түркі ұстаған ту сынбаған.
Күллі түркі қаһарманы
Қаһарыма сусындаған.




* Орхон жазбаларындағы Күлтегін мінген аттар




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу