Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  82


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖЕКЕ ШУМАҚТАР

Иіскей алмай боз жусанын даланың,
Өз иісімді ұмытыңқырап барамын.
Қасқыр ұлып, ұлар шулап жататын,
Тарлан тауға шыға алмай жүрмін, қарағым!
***
Санасызбен сайрандап, ойнап-күлдім,
Енді соны опық жеп ойлап тұрмын.
Пәруайсыз, сенгіштік – ақылсыздық,
Аңқау басым қасқырға қой бақтырдым.
Қырғилар боз торғайдың шырқын алды,
Сауысқандар көп айтты жыртық әнді.
Халал менен харамды ажыратпай,
Бірге бақтым доңыз бен жылқыларды.
***
Қызғалдақ – жаз, қарғалдақ – қыс көктейді,
Түйе пішкен жеріне кеп шөкпейді.
Тұжырымды қуатта, мейлі, сөк, мейлі,
Жүйірік өгіз шабан атқа жетпейді.
***
Иттердің де шежіресін сөйлетем,
Көк бөрімен мәртебесі кейде тең
Тышқандарға қожаңдаған мысықтар,
Жолбарыспен тұқымдаспын дейді екен.
***
Құл- құтандар құрмайды ірі кеңес,
Табиғат пен өмірдің сыры көмес.
Сүттей аппақ айдың да жүзінде дақ,
Лай судың дауысы да тұнық емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу