Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  93


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖАЗУ

Тәңірімнің тақтасы еді маңдайым,
Не жазғанын ұға алмадым айнадан.
Ұғынуға тырысқанмен әрдайым,
У-шу етіп оқытпайды айналам.
— Қашан сені бітіремін жеп іштен? —
дегендей боп қарар уақыт мөлиіп.
Сол иықта жұмысы көп періштем...
Көтеріліп бара жатыр оң иық.
Досым жатыр түр көрсетіп Баққа үстем,
Мәңгі осында келгендей боп көсіліп.
«Айналысу керек, — дейді, — нақты іспен!»
Неге оқуға тырыспайды-ей, осы жұрт?!
Сен де теріс айналдың-ау, мүсіндім,
Азғантай күн жарқырап ең көгімде.
...Маңдайыма қисық сызық түсірдің,
Тәңірімен таласайын дедің бе?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу