Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  71


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ДРАМАСЫ

Ар жағы айдау жолдың — «Бөгежейлі»1 ,
«Кетпеніңді ал! Бұл қазақ не демейді...».
Атызға арық тартып жатқан өзбек,
Күңкілін көршісінің елемейді.
«Ақ сәулеем...». Қазақ әнін сызылтады,
Тілі де бұл қасқаның ұзын тағы:
«Өле ме-ей, күн ыстықта...
Жатпай ма екен...».
Сыртынан өзбекті әбден қыжыртады.
Діл — бөлек. Сырт көзге анық байқалады,
«Айт, шу — әй!». Қазақ малын қайтарады...
Өзбектің малы да тоқ. Есік алды
бау-бақша жұпар шашып, жайқалады.
Шарықтап той-топырда ән қызбай ма?
Қазекең сөзге қамшы салғызбайды, ә:
«Қонаққа қой орнына тауық сойып,
Ай, бұлар да, ұялмай, елміз дейді, ә?».
Әр күнін өзбек текке өткізбейді,
Ал қазақ сүйегі асыл текті іздейді...
Ана жыл шаша салған жоңышқасын,
Ұсақ мал күзге дейін жеткізбейді.
Содан соң...
Күзде тағы «қапы қалып»,
«Түстен кейін» кіргесін ақылы анық,
Қыс бойы отырады көршісінің,
Картобы мен сәбізін сатып алып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу