Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  85


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚЫРТ ӨЛЕҢ

Ай, шіркін-ай, жасым келсе тоқсанға,
Тоқсан жасқа келген қартта дос бар ма?!
Досым да жоқ, қасым да жоқ отырсам,
Әңгіме айтып кілең... қолы бостарға.
Ту сыртымнан айтса-дағы аз өкпе ел,
«Қарияны сыйлау әркез қажет!» дер.
Теледидар жан-жағымнан қаумалап,
Сұхбат алып жатса келіп газеттер.
Тамағын сәл қырнап қойып, жөткіріп,
Ал сөйлесін тоқсандағы Тектілік:
— «Маралтай тым бұзық еді...
Ал Жарас
ЖенПИ жақта көп жүретін, — деп күліп.
«Жырмен ғана өткен күндер мәнді» деп,
Алматының көшесінде қаңғып ек...
Екеуі де мені тастап жөнелді:
«Хор қыздары бізді күтіп қалды!» — деп.
— Біраз еңбек сіңірдім, — деп, — қоғамға,
Әмірхан да еріп кетті оларға.
Кемпірлері керек қылмай қойғасын
Кетпегенде не қалды енді-ей, соларға...
Ай, бәрі де еді-ау, шіркін, құдірет,
Міне, мынау — бірге түскен сүгірет...
Қайсысының немересі-ей, ұмыттым,
Кеше, ата, деп құттықтады бірі кеп.
Дауыл соғып өтсе-дағы нешеме,
Жүрмін. Солай жазылған соң пешене...»
...Тоқсанға кеп, осылай деп отырсам,
Ә.Ботпанов атындағы көшеде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу