Өлеңдер ✍️

  02.09.2022
  192


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚАЗАҚ

Жазығы не менің жазған басымның,
Қазақ, сені көргім келсе күнгейден.
...Нар ұлдарың айбарыңды асырды
Кезек-кезек олжа салып, Сиднейде.
Тұрсын ағам* үлкен махаббатпенен,
— Осы жер, — деп — жіберетін шын демеп.
Мұхтарханды тартты шапалақпенен
— Жи есіңді, ҚАЗАҚ ЕМЕССІҢ БЕ?! — деп.
— Алып ұрғын!
Басылсын, — деп — мына дау
Хас балуанын шығарарда ортаға.
Дәл осылай тартқан, шіркін, шығар-ау
Атам қазақ қамшыменен арқадан.
Шаршаңқы ұлды тани алмай жұрт та аң-таң,
Күш құйылып, қалғандай бір тыныстап.
Әлгі сөзден дүр сілкініп, Мұхтархан
Саидовты** қуып тықты бұрышқа.
«ҚАЗАҚСЫҢ — СЕН!»
Қуатты сөз керемет,
Армандарың аспан жаққа жиі ұшсын.
Қазақ болып тудың, артық не керек,
Сен де, ендеше, жеңілмеуге тиіссің!
...Жанды көрсем, борға айналған шыдамы
Қиындықтан болып әбден үргедек.
Шапалақпен тартқым келіп тұрады
Жи есіңді, ҚАЗАҚ ЕМЕССІҢ БЕ?! — деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу